Аты әлемге танылған, келешегі кемелді, тәуелсіздігі тұғырлы,
жасампаз ұлы қазақ елінің ардақты баласы
Нұрсұлтан Әбішұлы!
Әуелі Аллаһтың қалауы, екінші Сіздің асқан қажырлы еңбегіңіз, көреген саясатыңыз арқылы егеменді Қазақстан қай тұсынан болса да күннен күнге гүлденіп келе жатқандығы бұлтартпайтын әлемге белгілі ақиқат. Осы бет алысыңыздағы дана саясатыңызбен ұлы қазақ халқын алға бастай беруіңізге Жезқазған аймақтық мұсылман қауымы Жаратқан Аллаһ Тағаладан шынайы дұғада. Аллаһ Сізге нұрын төгіп, разы болсын! Расында, тарихта болмаған жаңалықтарды еліміздің дана басшысы ретінде өмірге алып келудесіз. Бұларды келешек ұрпақ бағалай, атыңызды мәңгілік тарихқа қалдырады.
Республикамыздың барша дерлік облыс орталығы мен ірі қалаларында Сіз алғаш кірпішін қалап, кейін тікелей бақылауыңызбен ол жерлерге Алланың үйі мешіт соғылып, мұсылман халқының игілігіне табысталып жатқанына әбден қанықпыз. Мәселен, Астана қаласындағы «Нұр - Астана» мешіті, Жамбыл облысы, Тараз қаласының орталығындағы «Хибаттула ат – Тарази» мешіттері Сіздің талабыңызбен аяқталғаны халыққа белгілі.
Жезқазған – Сәтбаев – Ұлытау Сарыарқа төсін жайлаған ұлық мекен. Жезқазған қаласы облыс болғанда өзіндік мәселелерін шеше білген ірі орталықтың бірі еді. Себебі, аймағымызда алпауыт «Қазақмыс» корпорациясы орналасқан. Бүгінде әлеуметтік салаға тиесілі жәрдемін көрсетіп те отыр. Ал осы қасиетті жердегі имандылық ошағы, яғни мешітіміз қала орталығынан шалғайда орналасқан. Көптеген мұсылмандарға және біз соғыс және еңбек ардагерлері, қаусаған кемпір – шалдар қала сыртындағы жалғыз мешітке шуап баруымыз өте ауыр соғып жүр. Сол Алланың үйінде еліміздің тыныштығын, басшыларымыздың амандығын, дініміздің салауаттығын, ұлт пен ұлыстардың ынтымағына Өкіл имамымызбен бірге дұға етіп, иманымызды бүтіндеп отыруға Құдайдың үйіне жете алмауымыз жанымызға батады. Тіптен, ол мешітке қатынайтын нақты қоғамдық көліктің бүгінгі күнге дейін жоқтығы да қатты қынжылтады. Қыстың күні мешітке жету мүлде арманға айналады. Аллаға шүкір, имандылық күшейіп, жастарымыз дінге бет бұрғалы үлкен қаланың жалғыз мешітіне Жұма намазында жиналған жамағаттың жартысы аязды, жаңбырлы күндері сыртта тоңғанына қарамай намазын оқиды. Ал қала төріндегі әкімдік ғимаратына қарсы алтын жалатылған күмбезін күнге шағылыстырып, орыс шіркеуі көздің нұрын алады. Сонда қаламызға келген қонақтардың пікірі мұндағы қазақ халқы туралы қалай болмақ?!
Астана, Алматы қалаларының төріне Сіз мешіт салдырғанда, «Елімізге келген қонақтар, біздің мұсылман ел екендігімізді көрсін!» деген қанатты сөзіңізге Жезқазған қаласы іліне алмай отырған сияқты. 1995 жылдан бастап, Жезқазғанға Сіздің сапарыңызға қарай қала орталығынан кірпіші қаланып, жаңа мешіт салынатыны сөз болады. Әкімшілік, мекеме басшылары, «Қазақмыс» корпорациясы кейіннен мұны аяқсыз қалдырып келеді.
Біздің Сізден өтінішіміз
еліміздің алып мекемесі «Қазақмыс» корпорациясы басшыларының көптен бергі уәделерін нақты іс - жүзіне асырып, қала орталығынан арман болған жаңа мешіттің құрылысын бастауға Сіз қолдау көрсетсеңіз, онда бұл істің аяқталатынына кәміл сеніміміз мол!
Бұл өтініш – хат мыңдаған адам жиналған қасиетті Жұма намазында талқыланып, өтініш назбен Сізге пәрменіңізге жолданды.
Соғыс және еңбек ардагері, Қазақстан Республикасының Қаржы саласының құрметті қаржыгері, 87 жастағы қария – намазхан Қожағұлов Тасыбай .
Жезқазған қаласының құрметті азаматы Аппаз Қаражігітов
Намазхан мұсылман жамағаттары: Байболов Елжас
Трахпанов Ғалым
Аққошқаров Айтжан қажы
Қадыр Саттығұл қажы