Қызмет көрсету орталыққа топтастырылды
«Сыр бойы» газеті №19 (17337)
25 қаңтар 2008 жыл
Қызмет көрсету орталыққа топтастырылды
Шиелі қонысы тағы бір сәулетті ғимаратпен толықты. Екі ай мерзім ішінде «Промстройсервис-Е» ЖШС-і халыққа қызмет көрсету орталығының құрылысын бітіріп, пайдалануға берді.
Елбасының «бір терезе» қағидасына орай салынған мекеменің айналасына көрік берумен қатар көпке қызмет ету маңыздылығы ерекше. Мұнда алдағы уақытта нотариалдық қызмет көрсету нүктелері, әртүрлі тіркеу жұмыстары және де құжаттарды қабылдау, басқа да қызметтер үздіксіз жүргізілетін болады. Орталықта 22 адам жұмыс істейді. Сәулетті ғимараттың ашылу салтанатында облыс әкімінің бірінші орынбасары Б.Жүсіпов құттықтау сөз сөйледі.
- Бұл Сыр өңіріндегі пайдалануға берілген бесінші халыққа қызмет көрсету орталығы. Жуық арада барлық аудан осындай орынға ие болады. Сәулетті ғимараттың игілігін көріңіздер, - деді ол.
Шиелі ауданы әділет басқармасының бастығы Сапура Бекқожа облыстық бюджеттен 35,5 млн теңге жұмсалған ХҚО-ның артық кедергілерді жойып, жұртшылықтың уақытын алмайтындығына өз сенімін білдірді.




