Жыл қорытындысы шығарылды

 

Жамбыл облысы бойынша ҚАЖК басқармасы 2009 жылғы жұмыс қорытындысын шығарды. Жедел кеңеске облыстық ҚАЖК басқармасына қарасты барлық түзеу мекемелері мен тергеу изоляторының, «Еңбек-Жамбыл», «Еңбек-Тараз» Республикалық мемлекеттік кәсіпорындардың қызметкерлері, облыстық Қоғамдық байқау комиссиясының төрағасы Айтенов Ғабит, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері  қатысты. Кеңесті Басқарма бастығы әділет полковнигі Талғат Байзоллаұлы Ахметов салтанатты түрде ашты. Бастықтың алғы сөзінен кейін кеңестің күн тәртібіндегі мәселелер бойынша Басқарма бастығының орынбасарлары, қаржымен қамтамасыз ету бөлімінің бастығы, өзіндік қауіпсіздікті қамтамасыз ету тобының қызметкері және барлық мекемелердің басшылары өздерінің жыл бойындағы еңбектеріне есеп беріп, 2010 жылға қойылған міндеттермен жеке құрамды таныстырды. Өзіндік қауіпсіздікті қамтамасыз ету тобының аға маманы әділет капитаны Әбішев Ерғазы өз сөзінде Басқарма қызметкерлері тарапынан жеке құрам арасында сыбайлас жемқорлық көріністеріне жол бермеу, кадрлық-тәрбие жұмысын жақсарту мақсатында бірқатар алдын алу шаралары атқарылғаны, дегенмен, келер жылда да атқарылатын істер аз емес екендігіне тоқталды. Келеңсіз оқиғаларды, қызметкерлердің қызметтік жағдайын асыра пайдалануын болдырмау мақсатында түзеу мекемелерде «сенім телефондары» жазылған жәшіктер ілінген. ҚР «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңын, ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 2009 жылғы 22 сәуірдегі «Қазақстан Республикасында қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту және құқық қорғау қызметін одан әрі жетілдіру жөніндегі қосымша шаралар туралы» Жарлығын әскери қызметтік дайындық сабақтарында жеке құрамның қосымша зерделеуін қадап айтты.  
Кеңесте Басқарма бастығы Талғат Байзоллаұлы сотталғандарды еңбекпен қамту мәселесіне аса назар аударуды, ЖД 158/2 мекемесінде ағаш өңдеу және жиһаз шығару цехының жұмысын жандандыру қажеттігін айтты. Бұл тұрғыда РМК «Еңбек-Тараз», «Еңбек-Жамбыл» филиалдарының директорлары Ақылбек Әйтімбетов пен Рустам Рахимовқа осы бағытта қандай жұмыстар атқарылып жатқандығын,  алға қойған жұмыстардың жоспарын баяндауды тапсырды. А.Әйтімбетов өз сөзінде ЖД 158/7 мекемесінде тігін цехы іске қосылғанын, онда сотталғандарға арналған киім үлгілері тігіліп жатқандығын, келешекте қызметкерлерге нысандық киім үлгісін және аяқ киім тігу жоспарланып отырғандығын жеткізді. Сондай-ақ, ЖД 158/5 мекемесінде суармалы жерге қартоп, пияз және капуста өнімдерін өсіру жоспарда бар екен.
Сөз кезегі Қоғамдық байқау комиссиясының төрағасы Ғабит Әйтеновке келгенде, Жамбыл облысы бойынша ҚАЖКБ түзеу мекемелерінде үкіметтік емес ұйымдармен жұмыс дұрыс жолға қойылғанын тілге тиек етті. Адам құқығын қорғауға бағытталған игі істер биылғы жылы өз жалғасын табатын айтты.
 Жиналыс соңында Басқарма бастығы әділет полковнигі Т.Ахметов 2009 жылы атқарылған іс-шаралардың қорытындысын жасады. Барлық орын алған кемшіліктерге тоқтала кетіп, алдағы уақытта ондай деректерге жол бермеу мақсатында жоспарға сай жұмыла жұмыс жүргізу керектігін, сыбайлас жемқорлық көріністеріне жол бермеуді, әрбір қызметкердің өзіне жүктелген міндеттерін адал орындауын шегелеп айтты. Сонымен қатар, биылғы жылы ҰОС жеңіске 65 жыл толуына орай өткізілетін мерекелік іс-шараларға, арамызда сиреп бара жатқан ардагерлерімізді аялап, құрметтеуге бағытталған жұмыстарды атқаруға дайындық жасауды тапсырды.
Жиналыстың ресми бөлігі қызметкерлер үшін жағымды, салтанатты шараға ұласты. 2009 жылдың қорытындысы бойынша өз қызметтік міндеттерін мінсіз орындап, үздік атанған қызметкерлер: әділет подполковнигі Рахымбердиев Дидар Сәбденұлы, әділет полковнигі Масатбаев Қайрат Сабырұлы, әділет майоры Ақжігітов Ерболат, әділет капитаны Өсеров Қанатбек, әділет аға лейтенанты Ноқрабекова Гүлжамиля, әділет аға лейтенанты Рақымжанов Галым, әділет старшинасы Шортанбеков Самат Басқарма бастығының Құрмет грамотасымен марапатталды. 
Қызметкерлерді марапаттаумен қатар, облыстық Қылмыстық-атқару жүйесінің «Үздік мекеме» атағына ие болу мәртебесі де берілді. Осындай мәртебелі атаққа әділет полковнигі Козырев Юрий Александрович басқарып отырған қатаң режимдегі ЖД 158/4 мекемесі ие болды.  
 
 
Жамбыл облысы бойынша ҚАЖКБ
әділет аға лейтенанты Г. Ноқрабекова