Сыбайлас жемқорлыққа жол жоқ!

 

Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің Жамбыл облысы бойынша басқармасында «Сыбайлас жемқорлыққа жол бермейміз!» атты тақырыпта семинар-кеңес өтті. Семинар жұмысына «Нұр-Отан» ХДП Жамбыл облысы филиалының жемқорлыққа қарсы күрес қоғамдық кеңес хатшысы, заң кеңесшісі Кенжебаев Шора Шұғайұлы, ҚР Мемлекеттік қызмет істер жөніндегі агенттігінің Жамбыл облысы бойынша басқармасының – тәртіптік кеңестің бас маманы Ақылбаев Мұрат Шерниязұлы, Жамбыл облысы бойынша Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа
 
қарсы күрес департаментінің аға инспекторы қаржы полициясының аға лейтенанты Сүйінқараев Серік Парахатұлы, Жамбыл облысы бойынша ҰҚК департаменті 5-ші басқармасының жедел уәкілі лейтенанты Мырзабай Нұртас Бегенұлы, Жамбыл облысы бойынша Ішкі істер департаментінің жеке қауіпсіздік басқармасының бастығы полиция подполковнигі Майоров Альберт Жұматайұлы, Жамбыл облысы бойынша ҚАЖКБ
бас мамандары мен бөлім бастықтары, мекеме бастықтарының орынбасарлары және бөлім бастықтары қатысты.
         Семинардың бағдарламасына сәйкес ең алдымен Жамбыл облысы бойынша ҚАЖКБ өзіндік қауіпсіздікті қамтамасыз ету тобының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі әділет капитаны Әбішев Ерғазы сыбайлас жемқорлық және өзге де құқық бұзушылықты болдырмауға бағытталған іс-шаралар туралы баяндады.
         Сөз кезегі қонақтарға беріліп, қызметкерлер арасында жемқорлық көріністерін болдырмау төңірегінде өзекті мәселелер қозғалды. «Нұр-Отан» ХДП Жамбыл облысы бойынша өкілі Ш.Кенжебаев қоғамдық кеңестің басты міндеті жемқорлықпен күресу болып табылады, - деп бастады өз сөзін. Жемқорлықпен күресті әрбір адам өзінен бастауы керек. Себебі жүрегі, санасы таза адам ешқашан жемқорлыққа бармайды. Ол үшін қызмет барасында емес, отбасында да тиісті тәрбие жұмысы жүргізілсе, баршамыз бұл індетті жеңе аламыз, - деді. Сонымен қатар, «Нұр-Отан» ХДП сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүргізіп отырған іс-шараларының барлығы заңдар аясында жүргізіледі. ҚР Президентінің 2009 жылғы 22 сәуірдегі №793 Жарлығына сәйкес әрбір қызметкер жемқорлық көріністері орын алған жағдайда өзі қызмет атқарып жүрген мекеменің бірінші басшысына, басшының өзі жемқорлыққа жол берген болса, тиісті органдарға хабарлауы керектігін әрдайым есте сақтағанымыз жөн екендігі туралы сөз қозғады. 
         ҚР Мемлекеттік қызмет істер жөніндегі агенттігінің Жамбыл облысы бойынша басқармасының – тәртіптік кеңестің бас маманы Ақылбаев Мұрат Шерниязұлы қызметкерлердің мемлекеттік қызметшінің беделіне нұқсан келтіретін әрекеттерден аулақ болуын, салық органдарына табыс туралы декларация тапсырған уақытта барлық мүліктерді көрсету керектігін айтты. Өзі де құқық қорғау саласында көптеген жылдар бойы қызмет атқарғандықтан, ҚАЖ қызметкерлеріне ағалық ақыл-кеңестерін берді.
         Жамбыл облысы бойынша Ішкі істер департаментінің жеке қауіпсіздік басқармасының бастығы полиция подполковнигі Альберт Жұматайұлы Майоров қызметкерлерге ертеңгі бейқам болашағымызды бүгін ойлауымыз керек. Олай дейтінім, әрбір адам ертең құрметті зейнетке кету бақытына бөленуді қазірден бастап ойлау керектігін айтамын. Себебі, өз тәжірибемде көптеген асыл азаматтарымыз ойламаған жерден от басып, опық жеген уақыттары болған. Жемқор деген жақсы атақ емес. Сондай кемшіліктер сіздерде болмаса екен деймін, - деген ізгі ниеттерін білдірді.
         Семинар жұмысына Жамбыл облысы бойынша Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің аға инспекторы қаржы полициясының аға лейтенанты Сүйінқараев Серік Парахатұлы, Жамбыл облысы бойынша ҰҚК департаменті 5-ші басқармасының жедел уәкілі лейтенанты Н.Б.Мырзабай қызметкерлердің сұрақтарына жауап берді.
         Семинар соңына қарай өз баяндамасында облыстық ҚАЖКБ бастығының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары әділет полковнигі Ә.И.Оралбаев біздің қатарымызда қылмыстық-атқару жүйесінің беделіне нұқсан келтіретін қызметкерлер болмауы тиіс. Ондай кір келтіретін қызметкерлерден арылуымыз керек, бізге пара алушымен қатар, пара берушіні анықтауға бағытталған жұмыстар жүргізу қажет, - деді. Жеке құрам арасында ҚР «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңын қосымша әскери қызметтік дайындық сабақтарында зерделеп, дәріс өткізіліп жатқанын, бір қызметтен басқа қызметке ауысу барысында қызметкерлердің аттестациялық комиссиядан өтетін, онда ҚР нормативтік-құқықтық актілері бойынша сұрақтарға жауап беретіндерін айтты. Семинар жұмысын қорытындылай келе, қатысушыларға алғысын білдірді.
 
 
Жамбыл облысы бойынша ҚАЖКБ
Өзіндік қауіпсіздікті қамтамасыз ету тобының
аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі
әділет капитаны Әбішев Ерғазы