Құқық жүйесін реформалау бізге не бермек?
Қазір жер-жерлерде Елбасы Жолдауы талқыланып, түсіндірме жүмыстары ұйымдастырылуда. Жолдауда көтерілген мәселелер жұртшылыққа біраз үміт пен сенім ұялатқаны да мәлім.
Жолдауда экономиканы жаһандық қалпына келтіруге дайындау және оның сыртқы сынақтарға тұрақтылығын арттыру үшін біртұтас үш міндетті шешудің қажеттігі айтылған. Яғни:
біріншіден, бизнес-ахуалды елеулі жақсарту;
екіншіден, қаржы жүйесінің тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз ету;
үшіншіден, сенімді құқықтық орта қалыптастыруды жалғастыру.
Біздер үшінші міндетті орындауға баса назар аудара отырып, азаматтардың құқықтарының қорғалуына, оның ішінде сапалы әрі тиімді мемлекеттік қызметтің ұсынылуына жағдай жасауымыз қажет. Сенімді құқықтық орта дегеніміз тұрғындар қай жағынан болсын, яғни әлеуметтік жағынан, саяси жағынан, еңбек ортасы жағынан болсын өзінің құқықтық қорғалуына сенімді болуы қажет деген сөз. Біздің еліміз құқықтық мемлекет болғандықтан, қоғамдағы қатынастардың барлығы құқықтық тұрғыда реттеліп отыруы тиіс.
Елбасы өз Жолдауында: Жаңа онжылдықта біз өзіміздің экономикалық жоспарларымыздың табыстарын дәйекті саяси жаңғырту арқылы бекемдеп, саяси жүйемізді жетілдіруді жалғастырамыз. Және мұнда құқықтық реформа маңызды рөл атқаратын болады, - деген болатын. Сондай-ақ, еліміздің құқық қорғау жүйесінде болып жатқан жайсыз жайттарды да сөзге тиек етті. Мұндай келеңсіздіктер мен жанжалдар неден туындап отырғанын да біз жасыра алмаймыз? Өйткені бұның бәрі көзге көрініп тұр, ел-халық хабардар. Құқық қорғау органдарындағы тиімсіз басқарудан, тиісті кадрлық жұмыстың болмауынан, бақылаудың жоқтығынан осындай проблемалар туындап отыр. Елбасының құқық қорғау саласына реформа қажет деп отырғаны да сондықтан. Яғни, бұл салаларға білікті басшы, білімді маман қажет. Құқық қорғау жүйелерін реформалау жөніндегі заң жобасын дайындауды Елбасы Парламентке тапсырды.
Осылайша Елбасы құқық қорғау жүйесін реформалау бойынша байыпты жұмыс жүргізуді міндеттеді. «Жазалаудың негізгі түрі бас бостандығынан айыру болып қалып отыр. Ешкім қамау орындарынан босағандарды оңалтумен айналыспайды» деп өте орынды айтты. Адам – мемлекет байлығы. Олардың лайықты өмір сүруі, лайықты білім алу мен лайықты еңбек орындарында жұмыс жасауы Ата заңымызбен бекітілген. Сондықтан, барлық құқық қорғау органдары мен соттарда ең алдымен адамның құқықтары мен мүдделерінің қорғалуы бірінші орында тұруы тиіс.
Өркениетті елдер тәжіріибесіне сүйене отырып, құқық қорғау жүйесін жетілдірсек мыңдаған жастарымыздың өмірін бүлдіріп алмауынан сақтар едік.
Жолдау шын мәнінде еліміздің осынау бір күрделі дағдарыс кезеңіндегі атқарылған істермен бірге, алдағы ауқымды міндеттерін де айқындап берді. Ғаламдық қаржылық дағдарыс зардаптарын барынша айналып өткен республикамызда экономикамызды одан әрі өркендетудің маңызды алғышарттары жасалды.
Елбасының биылғы Жолдауында атап көрсетілген әкімшілік реформалар және құқық қорғау органдарын реформалау, бүкіл органдар мен мекемелердің бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып жұмыс жасағанда ғана нәтиже беретіні сөзсіз. Сондықтан да ортақ істе олқылық болмауы үшін мемлекеттік органдар мен құқық қорғау органдарының мәртебесі мен жауапкершілігін күшейтуге бір кісідей атсалысқанымыз жөн.
Қызылорда облысы
Әділет департаменті
бастығының орынбасары
ТАСТЫБАЙ ЛЕСЕРОВ




