Айрықша назар аудару қажет
Ата Заңымыз – Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл - қазақ тілі.
Жоғарыда аталған заңда қабылдаған мемлекеттік тілді жүзеге асыру мақсатында Үкімет, жергілікті өкілетті және атқарушы органдар Қазақстан Республикасының барлық азаматтары мемлекеттік тілді еркін әрі тегін меңгеруі үшін қажетті ұйымдастырушылық, материалдық және техникалық жағдайдың бәрін жасауға міндетті.
Білім беру ұйымдарындағы тіл саясаты Қазақстан Республикасының Конституциясына және Қазақстан Республикасының тіл туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
Меншік нысандарына қарамастан барлық білім беру ұйымдары білім алушылардың мемлкеттік тіл ретінде қазақ тілін білуін, сондай-ақ білім берудің тиісті деңгейінің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартына сәйкес орыс тілін және шет тілдерінің біреуін оқып-үйренуін қамтамасыз етуге тиіс.
Ана тілінде білім алу құқығы тиісті білім беру ұйымдарының мүмкіндіктері болған жағдайда сыныптар, топтар құрумен, сондай-ақ олардың жұмыс істеуіне жағдай жасаумен қамтамасыз етіледі.
Қазіргі уақытта заңнамалық және өзге де нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тілде әзірлеу сапасы да ерекше назар аударуды қажет етеді.
Терминологияны дамыту, аударма саласын жетілдіру жұмыстарын жандандыру қажет. Халықты құжаттандыру қызметі бойынша азаматтардың тегін, атын, әкесінің атын дұрыс жазу ережелерінде көрсетілгендей, өтініш берушінің қалауы бойынша мемлекеттік және орыс тілдерінде тегі жазылады, қазақ тіліне тән емес қосымшаларын (-ов,-ев, -ова, -ева, -ин, -ина, -н, -на, -ович, -овна, -евна ) алып тастай отырып, тегі мен әкесінің атының түбір негіздері сақтала отырып жазылады. Бұл ретте әкесінің атын жазғанда әкесінің есіміне адамның жынысына қарай «улы, ұлы; кызы, қызы» қосымшалары жалғанады, мысалы, Наурызбаев Булат Керимович, Наурызбаев Болат Керимулы болып немесе Наурызбай Болат Керімұлы болып жазылады.
Бұдан басқа қазақ тіліне тән емес тегіндегі, атындағы, әкесінің атындағы әріп тіркестері алып тасталады, мысалы, «Джандосов Джумабай Джандосович болып жазылған болса, ол Жандосов Жумабай Жандосович болып, жазылады делінген. Бұл ретте өтініш берушінің өз қалауы бойынша бұрынғы тәртіппен жазылған тегін немесе атын мемлекетік тілге сәйкес, заңда көрсетілген тәртіппен өзгерте алады.
Жергілікті атқарушы органдардың іс-қағаздарында орын алған көрсеткіштер өңірлердегі нақты тілдік ахуалды көрсетпейді. Тіпті қазақ халқы көп тұратын өңірлерде де бұл көрсеткіш оң болып табылмайды, себебі бұл ретте негізгі ауыртпалық осы институттардағы аудармашы мамандарға түседі.
Мұндай жағдайларда мемлекеттік тілді оқыту курстарын ұйымдастыруды жетілдіру жөніндегі жұмысты тұрақты түрде жүргізу қажет, олардың құрылымы тілді меңгеру деңгейін – қарапайым қарым-қатынас жасау деңгейінде меңгеруді ғана емес, сонымен қатар құжаттарды өз бетінше дайындауды болжайтындай мейлінше тұрақты болуы тиіс. Бүгінгі күнге дейін қазақ тілін оқытушы мамандардың, сондай-ақ аудармашы мамандардың жетіспеушілігі сезіледі.
Бұл жағдайда орталық және жергілікті мемлекеттік атқарушы органдарда мемлекеттік тілдегі құжат айналымының көлемін біртіндеп ұлғайту туралы сөз болуға тиіс. Сондықтан орын алып отырған мән-жайларға байланысты іс-қағаздарында мемлекеттік тілдің оның даму басымдылығын ескре отырып, қолданылуының оңтайлы үйлесімділігін, қолайлы ара-қатынасын қалыптастыру қажет. Тіл саясатын табысты іске асыру бұқаралық ақпарат құралдары қызметін тиімді ұйымдастыруға, тіл мәдениетін БАҚ арқылы белсенді түрде насихаттауға, тілдік ортаны қалыптастыруға, түрлі білім беру бағдарламаларын жасауға байланысты.
«Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 3-бабына сәйкес бұқаралық ақпарат алу және тарату оны тарату кезінде әркімнің ана тілін пайдалану құқығын қамтамасыз етеді. Осы заңмен мемлекеттік тілдегі бұқаралық ақпарат құралдарының, телевизиялық және радио бағдарламаларының апталық көлемі уақыт бойынша басқа тілдердегі хабарлардың жиынтық көлемінен кем болмауы тиіс. Мемлекеттік тілдегі хабарларды таратудың тәуліктік кестесіне орналастыру хабарлар эфирге шығатын бүкіл кезең ішінде біркелкі жүзеге асырылуға тиіс.
Көптеген электрондық БАҚ Заңнама нормаларын орындауға сөз жөнінде және атүсті қарағаны белгілі. Мемлекеттік тілдегі телебағдарламалардың түнгі уақытта орналастырылуы бірнеше рет сынға ұшырап, нәтижесінде мемлекеттік тілдегі бағдарламалар қайта жасалды.
Осылайша тілдік ахуалды талдау елімізде мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту, оның мәртебесін нығайту жөнінде жүйелі жұмысты жалғастыру, тілдік ортаны қалыптастыру, тіл мәдениетіне тәрбиелеу, тілді дамытуды одан әрі жалғастыруға жағдай жасау жөнінде шаралар қабылдау қажет екендігін көрсетеді.
Атырау облыстық Әділет департаментінің
баспасөз қызметі




