Біз соғысты көрген адамдардың ұрпағымыз

            Ұлы Жеңістің 65 жылдығы жақындаған сайын әкеме деген сағыныш еріксіз қалам алғызып, сол бір аяулы жанға деген құрмет осы мақаланы жазуға итермеледі...
            Олар үшеу еді, менің әкем Хафиз, ағасы Қазбек, інісі Өтемұрат Аманғалиевтар, бір үйден үш азамат елін қорғауға аттанған. Сол бір «сұрапыл» заман кімге аяушылық жасап еді, мүмкін Мақыш ананың ақ тілегі болар, ағайынды азаматтар елге аман келіп, бейбіт өмірге де жетті. Алайда сұм соғыстың сұрпайы зардабын көрген менің әкем өткен өмірін,  өте қиын тағдырын тебіреніп айтатын. Оның да өзіндік сыры да бар еді...
          Батыс Қазақстан облысындағы Жалпақтал ауылындағы мектептің 9 класын бітірген әкем 1941 жылдың күзінде армия қатарына шақырылып,  соғыстың алғы шебіне жіберіледі. 1942 жылдың қыркүйегінде 36-гвардиялық атқыштар полкының әскерлері Харьков бағытында қоршауда қалып, тірі қалғандары тұтқынға түседі.
           Әкем неміс концлагерінен «одақтастар» армиясы тұтқыннан босатқаннан кейін 1945 жылдың наурызында 234-атқыштар полкының Батыс фронтында қайтадан сапқа тұрады. Соғыстың аяқталғанын Германияның Сальсбург қаласында қарсы алған әкем жеңіс қуанышын қалай тойлағанын ерекше толғаныспен әңгімелейтін.
       Соғыс біткеннен кейін 1947 жылға дейін 18 авиация полкында армия қатарында азаматтық борышын атқарып елге оралады. Алайда сұм соғыстың жалғасы әлі де бітпеген екен...
       Елге оралса да, азапты күндерді қайтадан өткеруге тура келеді. Сол кездегі саясат бойынша соғыс тұтқындары жаппай жазалауға ұшыраған еді. «Бұл соғыс», яғни «Степлаг» атанған лагерь азабы 7 жылға созылып, 1953 жылы «Сталиндік режимнің» құлауымен ғана азаттыққа қол жеткізеді. Бұл айтылғандар сол кездегі бір адамның тағдыры болса, мұндай адамдар ол кезде қаншама еді...
       Адамзат басына төнген зұлмат соғыс туралы басқалар кинодан, кітаптан оқып білсе, мен өз әкемнің аузынан естіп өстім. Сондықтан да болар  отанын, елін сүю деген патриоттық сезімді жастайымнан сезініп өстім.
       Балалық шағы аштықтан бастап, жастығында соғыс пен құлдық көріп, өмірінің жарты ғасырдан астамын «сезіктілер» қатарында өмір сүрсе де,  әкем өмірге өте құштар, білімді, сабырлы адам еді.
       1997 жылы «Саяси қуғын сүргін құрбандарын» ақтау туралы заңға сәйкес 31.10.1997 жылы Қазақстан Республикасы Бас Прокуратурасының әкемнің толық ақталғаны туралы құжатын алдық. Ал әкем 1998 жылдың күзінде өмірден өтті...
           Бүгінде үш ардагерден өрбіген ұрпақтары бейбіт өмірдің қызығын көруде. Күн өткен сайын, қатары сиреген әкемнің құрдастарын көргенде әкеге деген сағыныш пен оларға деген құрметім артып, барша адам баласына бейбітшілікті қорғайық, адамзат енді соғыс көрмесін деп тілек айтқым келеді.
        Барлық ардагер ағалар, сіздер жеткізген Жеңіс мерекесі құтты болсын.
 
 
   Фарида Амангалиева          
             
Жаңақала аудандық әділет басқармасының бастығы
Батыс Қазақстан облысы