Нотариустың қызметін біле жүріңіз!
Қазақстан Республикасындағы нотариат құқықтар мен фактілерді куәландыруға, сондай-ақ, аталған Заңда көзделген өзге де міндеттерді жүзеге асыруға бағытталған нотариаттық іс-әрекеттерді жасау арқылы жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғаудың заң жүзінде бекітілген жүйесі.
Осы Заңмен, белгіленген жағдайлар мен шектерде нотариаттық іс-әрекеттер жасауға мыналардың құқықтары бар:
1. Мемлекеттік нотариат кеңселерінде жұмыс істейтін нотариустар (мемлекеттік нотариустар) мен жеке практикамен айналысатын нотариустар (жекеше нотариустар);
2. Аудандық маңызы бар қалалардың, кенттердің, ауылдардың (селолардың), ауылдық (селолық) округтердің әкімдері аппараттарының нотариаттық іс-әрекеттер жасауға уәкілетті лауазымды адамдары;
3. Қазақстан Республикасының атынан консулдық қызмет атқаратын адамдар;
4. Осы Заңмен нотариаттық іс-әрекеттер жасауға уәкілетті өзге де адамдар.
Жоғары заң білімі бар, әділет аттестаттау комиссиясында аттестаттаудан, нотариуста кемінде бір жыл тағылымдамадан өткен және нотариаттық қызметпен айналысу құқығына лицензия алған Қазақстан Республикасының азаматы нотариус бола алады.
Нотариаттық қызметпен айналысу құқығына аттестаттау қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі берген лицензия (нотариус лицензиясы) нотариусқа нотариаттық іс-әрекет жасауға уәкілдік береді. Нотариус лицензиясын алуға қажетті құжаттардың тізбесі лицензия беру мерзімі мен тәртібі тиісті нормативтік құқықтық актілермен белгіленеді. Нотариус лицензиясы мерзімі шектелмей берілетін басты лицензия болып табылады және ол Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында қолданылады.
Нотариустың құқықтары:
1) өзіне жүгінген жеке және заңды тұлғалардың мүдделеріне сәйкес осы Заңда және Қазақстан Республикасының басқа да заң актілерінде көзделген нотариаттық іс-әрекеттер жасауға;
2) мәмілелердің, өтініштер мен басқа да құжаттардың жобаларын жасауға;
3) құжаттардың көшірмелерін және олардың үзінділерін әзірлеуге;
4) нотариаттық іс-әрекеттер жасау мәселелері бойынша кеңестер беруге;
5) Қазақстан Республикасының заң актілерінде белгіленген коммерциялық, банктік және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтерді жария етуге қойылатын талаптарды сақтай отырып, жеке және заңды тұлғалардан нотариаттық іс-әрекеттер жасауға қажетті құжаттар мен мәліметтер талап етуге;
Аудандық маңызы бар қалалардың, кенттердің, ауылдардың (селолардың), ауылдық (селолық) округтердің әкімдері аппараттарының нотариаттық іс-әрекеттер жасауға уәкілетті лауазымды адамдарын аттестациялау Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі бекітетін Аттестаттау туралы ережеге сәйкес нотариаттық іс-әрекеттер жасау құқығын алу үшін аттестаттаудан өтеді.
Оңтүстік Қазақстан облысы
Әділет департаментінің жетекші маманы А.Дадаметов




