ЗАҢ АКТІЛЕРІ АЗАМАТТАР МҮДДЕСІН ҚОРҒАЙДЫ
Бүгін де барлық мемлекеттік органдардың алдында тұрған ең маңызды міндеттердің бірі – сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес болып табылады. Жемқорлық мемлекеттің әлеуметтік экономикалық даму процесін тежеп, мемлекеттің саяси және қоғамдық институттарына теріс әсерін тигізері сөзсіз.
«Әділет органдары туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 18-бабына сәйкес әділет органдары жергілікті атқарушы және өкілді органдарының нормативтік құқықтық актілерін мемлекеттік тіркеу қызметін жүзеге асырады.
Бұл орайда тек «Нормативтік құқықтық актілер туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 38-бабына сәйкес жалпыға мiндеттi маңызы бар азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен мiндеттерiне қатысты нормативтiк құқықтық актiлер мемлекеттік тіркеуге жатады. Мұндай тiркеу оларды күшiне енгiзудiң қажеттi шарты болып табылады.
Әділет органдары мемлекеттік тіркеуге ұсынылған нормативтік құқықтық актілерді тіркеу барысында, ең алдымен құқықтық сараптама жүргізеді.
Ол өз кезегінде, нормативтік құқықтық актіні қабылдаған мемлекеттік органның қолданыстағы заңнамалық актілерде көзделген тікелей құзыретінің болуын қажет етеді, яғни заң актілерінде мемлекеттік органның тиісті нормативтік құқықтық актіні немесе нақты тәртіптерді, нысандарды және басқа құжаттарды бекіту құзыретінің тікелей көрсетілуі тиіс. Сондай-ақ ең бастысы – нормативтік құқықтық актілердегі сыбайлас жемқорлық нормаларының алдын-алып, Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамасына сәйкес келмейтін актілерді тіркеуге жол бермеуді көздейді.
Нақтырақ айтар болсақ, Қазақстан Республикасы Конституциясының 14-бабына сәйкес, яғни заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең қағидасын басшылыққа алып, нормативтік құқықтық актілерде жекелеген азаматтар мен заңды тұлғаларға заңмен көзделмеген артықшылықтардың алдын алу, кәсіпорындардың, кәсіпкерлердің шаруашылық қызметіне араласу бостандығын шектеуге жол бермеу. Демек, қабылданған нормативтік құқықтық актілерде азаматтардың заңмен көзделмеген құқықтары мен бостандықтарын шектейтін нормалардың қамтылуына жол берілмеуін қамтамасыз етеді.
Жоғарыда аталған қағидалар азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды қамтамасыз ету мақсатында жүргізіледі.
Барлық қоғамдық қатынастар тек құзырлы органдар қабылдаған нормативтік құқықтық актілермен реттеледі. Осыған орай, ең алдымен қабылданатын нормативтік кұқықтық актілердегі сыбайлас жемқорлықпен құқық бұзушылық жасауға жағдай туғызатын нормалардың алдын алуымыз қажет.
Ақтау қаласының әділет басқармасының
бас маманы А.Жөнелбек




