СӘБИІҢІЗДІҢ ТУУЫНЫҢ ТІРКЕУ МЕРЗІМІН ӨТКІЗІП АЛМАҢЫЗ

 

        «Неке және отбасы туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 172-бабына сәйкес дүниеге келген нәресте азаматтық хал актілерін тіркейтін АХАЖ органдарында немесе баланың туған жерінде ата-аналарының не олардың біреуінің тұрғылықты жерінде тіркеледі.
         Тууды тіркеу туралы арыз жазбаша түрде беріледі. Арызға дәрігерлік туу туралы куәлік, неке туралы куәлік және баланың ата-анасының жеке куәліктері қоса беріледі. ҚР Үкіметінің 1999 жылғы 22 мамырда бекітілген Қазақстан Республикасындағы азаматтық хал актілерін тіркеу туралы Ережесінің 2-бабы 18-тармағында көрсетілгендей туу туралы арыз азаматтық хал актілерін жазу органдарына бала туған күннен бастап екі айдан кешіктірмей, ал бала шетінеген жағдайда босанған кезден бастап бес тәуліктен кешіктірмей тіркелуі тиіс.
         Жаңа туған сәбиге туу туралы куәлік алған кезде оған қоса біржолғы немесе ай сайынғы жәрдемақысын алуға анықтама беріледі. Ал баланың туу туралы куәлігін алған соң, Сіз сәбиіңіздің жәрдемақысын уақытында ала аласыз. Сырым ауданы бойынша әлі де кейбір ата-аналардың сәбилеріне алғашқы туу туралы куәліктерін алуға уақытында келмей, 2 ай мерзімдерін өткізіп тіркететіндер де кездеседі.
         Екі айлық мерзімдері өткеннен кейін тууды тіркеу Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі бекіткен нысан бойынша аумақтық әділет органының АХАЖ бөлімі жасаған қорытындының негізінде жүргізіледі.
         Тууды тіркеу 2008 жылдың 1 қаңтарынан бастап жаңа жүйе бойынша жүргізіледі. Заңға сәйкес баланың тууын тіркеп куәлік алған кезден бастап сәбиге сәйкестендіру нөмірі беріледі.
         Жеке сәкестендіру нөмірі - жеке тұлға үшін қалыптастырылған бірегей нөмір және сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізілімдеріне белгілі бір тұлғаға қатысты мәліметтер туралы жазбаны жүргізуге мүмкіндік беретін сандық нышандар кезектілігі түрінде көрсетілген.
         Жеке сәйкестендіру нөмірі сәбидің болашағына маңызды болып табылады. Себебі, барлық құжаттары сол нөмірінің негізінде құралады. Сондықтан да тууды тіркеп, туу туралы куәлік алу дүниеге келген сәбидің өмірінде маңызды рөл атқаратын әрбір ата-ана білуі тиіс және Заңмен қатаң белгіленген мерзім ішінде баланың алғашқы құжатын алуға жауапкершілікпен қарауға міндетті. 
 
Батыс Қазақстан облысы
Сырым аудандық әділет басқармасының
бас маманы А.С. Ишмуханова