НЕКЕ БҰЗУДЫ ТІРКЕУ

 
         Қазақстан Республикасының «Неке және отбасы туралы» Заңының 163-бабына сәйкес некенің бұзылуы азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінде тіркеледі.
         «Неке және отбасы туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 187-бабына сәйкес некені бұзуды тіркеу ерлі-зайыптылардың АХАЖ органына бірлесіп берген арызының негізінде қаралады.
         Арызда ерлі-зайыптылар өздерінің некені бұзуға өзара келіскенін және 18 жасқа дейінгі балаларының жоқтығын растауы тиіс. (Туған және асырап алған).                                                                                                                                                                                                                                                           
         Некені бұзуды тіркеу және жұбайларға некенің бұзылуы туралы куәліктер беруді АХАЖ органдары ерлі-зайыптылар ажырасу туралы арызды берген күннен бастап бір ай өткеннен кейін жүргізеді.
          Егер некені бұзуға келіскен жұбайлар арасында олардың ортақ меншігі болып табылатын мүлікті бөлісу туралы дау болатын болса, АХАЖ органдарының мұндай арызды қабылдауға құқығы жоқ, некені бұзу туралы мәселе сотта қаралады.           
Жұбайлардың бірінің берген арызы бойынша: а) сот арқылы хабарсыз кеткен деп танылса; б) сот жүйке ауруынан немесе ақыл-есінің кемдігінен әрекет қабілеті жоқ деп танылса; в) қылмыс жасағаны үшін кемінде үш жыл мерзімге бас еркінен айыруға сотталса АХАЖ бөлімінде қабылданады. Некені жоғарыда аталған жағдайларда бұзу жұбайлардың кәмелетке толмаған балаларының бар-жоғына қарамастан жүргізіледі. Қылмыс жасағаны үшін үш жыл мерзімге бас еркінен айыруға сотталған адамдармен некені бұзу, ол адам жазасын бас бостандығынан айыру орындарында өтеп жатқан жағдайда ғана АХАЖ органдарында жүргізіледі.
          Егер бас бостандығынан айыру орындарында отырған немесе әрекет қабілеті жоқ ерінің, не зайыбының қамқоршысы балалары туралы, жұбайлардың ортақ бірлескен меншігі болып табылатын мүлікті бөлісу туралы дау қозғаса немесе еңбекке жарамсыз мұқтаж жұбайды асырауға қаражат төлеу туралы дауласса, онда некені бұзу сот тәртібімен жүргізіледі. 
         АХАЖ органында заңды күшіне енген некені бұзу туралы сот шешімінің көшірмесі және жұбайының өтініші, жеке куәлігі және сот шешімі бойынша өндіріп алуға жататын соманың төленгені туралы түбіртегі негізінде жүргізіледі. Некенің бұзылуын тіркеу соттың некені бұзу туралы шешімінен кейін өткен мерзімге қарамастан жүргізіле береді.
         Өкінішке орай, неке бұзылу саны жылдан-жылға көбейіп келеді. Өскемен қаласының АХАЖ бөлімінің есебі бойынша 2010 жылдың басынан бері ерлі-зайыптылардың ажырасу саны 1365 жетті. Бұл өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 138 санға артық. Әсіресе жас жұбайлардың ажырасуы жиі кездеседі. Оның себептері әр түрлі. Мінездерінің жараспауы, материалдық жағдайлары, жұбайлардың біреуінің маскүнемдікке, нашақорлыққа салынуы, ерлі-зайыптылардың бір-біріне сенімсіздік танытуы, т.б. жағдайлар.