Жаңа Жолдаудың жаңалығы мол
Жыл сайын Елбасы Н.Назарбаевтың халыққа Жолдауын бүкіл ел болып тағатсыздана күтеміз. Ондағы ойымыз болашақтан тағы да бір жақсылықтың нышаны байқалатындай, жүрегімізде үміт оты жанады. Елбасының әр жылдағы Жолдауларына мұқият үңілсеңіз, сол уақыттардағы халықтың көкейінде жүрген көптеген өміршең сұрақтарға жауап ала аласыз.
Жасыратыны жоқ, жаһандық дағдарысқа даурыққан қарапайым халықтың көңілін Елбасының биылғы жылғы Жолдауы бір серпілтіп тастады. Әлемді дүр сілкіндірген экономикалық дағдарыстың қарқыны қайтып, елдің еңсесі көтеріліп келеді. Шет елдерді қайдам, өз еліміздің экономикасы біршама тұрақтанып, қарыштап алға басқаны барша қазақ елін шексіз қуантатыны белгілі. Жолдауда ел Президенті:
- «Ел тарихының ХХІ ғасырдағы аса бір күрделі кезеңі аяқталып келеді. Дүние жүзінің экономикасын тұралатқан жаһандық дағдарыс дауылы әлі басыла қойған жоқ. Алайда ол өзінің алғашқы алапат қуатынан айырылды. Біз тастүйін дайын болғандықтан, оның салдары біздің еліміз үшін соншалықты ауырға соққан жоқ.
Дағдарысқа дейінгі кезеңде біз Қытай, Үндістан және өзге де экономикасы қарыштап алға басқан мемлекеттер қатарында дамудың жоғары деңгейіне көтерілдік. Өйткені біз оған қалай қол жеткізуге болатынын білдік»-деп қазақ елінің дағдарысты артта қалдырғанын айтты.
Біздің Академия қылмыстық-атқару жүйесіне мамандар дайындайтын Орта Азиядағы жалғыз жоғары оқу орны болғандықтан, профессорлық-оқытушылар құрамы мен тыңдаушыларды Жолдауда айтылған құқық қорғау саласын реформалаумен қатар білім, ғылым тарауы да бізді бей-жай қалдырған жоқ.
«Жоғары білім сапасы ең жоғары халықаралық талаптарға жауап беруі тиіс. Елдегі жоғарғы оқу орындары әлемнің жетекші университеттерінің рейтингіне енуге ұмтылулары керек. Сондай-ақ, «Ғылым туралы» жаңа заңның әзірленуін жеделдету қажет», - деді Елбасы.
Иә, осы жоғарыда айтылған жағымды жаңалықтар өміршеңдігін тауып, жақын арада жүзеге асып жатса, Академия қабырғасындағы «Магистратура», «Адъюнктура» бөлімінде білімдерін жетілдіріп, ізденісте жүрген жас ғалымдар үшін де тағы бір ғылым есігі ашылар ма еді?!
Елдің болашағы жасампаз жастар десек, міндетті түрде түрлі салада қызмет ететін кәсіби мамандарды дайындау әбден керек-ақ. Алтын металы қандай мәңгілік болса, білім де сондай мәңгілік капитал. Сондықтан денсаулық, білім сияқты байлықтарға бар күш-жігерімізді, қаржылық қуатымызды жұмсап, оның қайтарымы гүлденген, тәуелсіз, ауқатты ел деп білуіміз қажет.




