ҮЛГІЛІ МАМАН
Қазіргі таңда нәзік жандылардың еңбегін қажет етпейтін саланы жоқ деугеде болады. Қоғамның барлық саласында жауапты қызметтердің тізгінін ұстап отырғандардың арасында нәзік жандар көп, осындай жандардың атқарып отырған қызмет тізбегіне Қылмыстық-атқару жүйесі саласы да кіреді. Құлаққа жағымсыз естілетін түзеу мекемесінде қыз қауымының аянбай еңбек етіп жүргендігі шындық. Соның ішінде Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің Жамбыл облысы бойынша басқармасы ЖД 158/2 мекемесінің қызметкері - аға нұсқаушы-психолог, әділет капитаны Күлекеева Эльмира Тұрғынбайқызы да бар. Табиғатынан жаны жақсылыққа құмар, ізденуден жалықпайтын, ізгілік пен адамгершілікті өмірдің мәні санайтын Эльмира Тұрғынбайқызы тәжірбиелі психолог, білікті маман, қадірлі әріптес, сыйлы замандас. Ұзақ жылдар бойғы еңбегінің арқасында әріптестері алдында үлкен бедел, абыройға бөленіп жүрген жанның бірі. Қазіргі жаһандану заманында психолог маманның ауадай қажет екені баршамызға белгілі. Әсіресе түзеу мекемелерінде психологтың алар орны ерекше. Эльмира Тұрғынбайқызы атқарар міндеті қыруар ЖД 158/2 мекемесіне келген сотталғандардың жеке басын, психологиялық ерекшеліктерін зерттеу, жан-жақты танып білу, тест өткізу, жасақ бастықтарына олардың жаңа ортаға бейімделуіне жағдайлар жасауына ұсыныстар беру, жасақтағы психологиялық атмосфераны бақылау. Өзіне-өзі қол жұмсау фактілерін болдырмау және осындай әрекеттер жасауға бейім сотталғандармен жұмысты барлық бөлім қызметерлерімен бірге жүзеге асыру және нығайту сынды түзеу мекемесіндегі қиын міндеттерді атқарады. Эльмира Тұрғынбайқызы: «біз жаңадан түзеу мекемесіне келіп түскен сотталғандармен ерекше жұмыс жүргіземіз» дейді. Жаңа келген сотталғандармен бастапқы зерттеу жұмыстары карантин бөлімінде жүргізіледі, яғни психологиялық әңгіме, психодиагностикалық тестілеу ұйымдастырылады. Зерттеу қорытындысы бойынша әр сотталғанға психологиялық мінездемелер жазылып, жасақ бастықтарына ұсыныстар беріледі»,-дейді. Сондай-ақ, Эльмира Тұрғынбайқызы карантин бөлімде жаңа келген сотталғандардың жеке басын зерттеумен қатар олардың әлеуметтік ортаға бейімделуіне бақылау жасап, бейімделуі төмен, психикалық дамуында тежеуі бар сотталғандарды анықтайды. Сотталғандармен жеке тәрбие жұмысын жүргізу дәптеріне жүргізілген психодиагностикалық іс-шаралар қорытындысы бойынша мінездеме жасап, жасақ бастықтарына және басқа да бөлім қызметкерлеріне жаңа келген сотталғанмен жұмыс жүргізу ұсыныстарын дәл уақытында даярлайды. ЖД 158/2 мекемесіндегі өз әріптестеріне сотталғандармен жұмыс жүргізуіне көмектесіп, оларға сотталғандардың психологиялық жай-күйін түсіндіріп, әрқашан барлық қызметкерлерге жағдай жасауда. Эльмира Тұрғынбайқызы өз психолог әріптестерімен бірге сотталғандардың арасындағы және де мекеме қызметкерлерімен қарым-қатынастағы қиын жағдайлардың себебін зерттеп, олардың жақсы қарым-қатынаста болуына үлесін қосып, әрқашан көмегін аяған емес. Жанұясында алты баланың үлкені болып, өз қамқорлығын бауырларынан аямаған Эльмира Тұрғынбайқызы жұмыста да өзінің мейрімділігімен, бар ақыл-тәрбиесін жас мамандарға, көмек сұрап келген қызметкерлерге арнап, қамқорлығын көрсетуде.
Үлкен адамгершілігімен, ақ жарқын мінезімен өз ортасында құрметке ие болып жүрген Күлекеева Эльмира Тұрғынбайқызына өмірде тек жақсылық көріп, әрқашан қанаты талмасын демекпіз.
Жамбыл облысы бойынша ҚАЖКБ
ЖД 158/2 мекемесінің бастығы
әділет подполковнигі
Б.Ж.Тюлюпов




