Мемлекеттік тіл - мәртебеміз!
Халықтың ұлт екенін айғақтайтын төлқұжаты – тіл. Осыны ескерген Біріккен Ұлттар Ұйымының Білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі бюросы, яғни ЮНЕСКО тыныш жатпайтынын тағы да дәлелдеді. Олар жасаған жер бетіндегі тілдердің атласында 2500 тіл қамтылып, оларға төніп тұрған қауіптің деңгейіне қарай 5 топқа бөліп, рейтинг жасалған. Олар тұрақсыздыққа ұшыраған, қатер төніп тұрған тілдер, аса қауіпті жағдайдағы тілдер, үмітсіз, жойылып бара жатқандар және жойылып кеткендер.
ЮНЕСКО-ның есебіне назар аударсақ, 1950 жылдан бері әлемдегі 6000-дай тілдің 200-ден астамы «о дүниелік» болыпты. Демек, әр жыл сайын кемінде 3 халықтың тілі жойылып отыратынын байқамау мүмкін емес. Ал мықты деген сарапшылар бұл қасіреттің болашақта молая түсетінін айтады. Оған себеп, дәл бүгінгі уақытта 502 тіл «әл үстінде» деп тіркелген әрі болашағынан үміт күттірмейтіні дәлелденген. Оған жойылу қауіпі төніп тұрған 651 тілді қосыңыз.
Лингвистер пікірі көптеген тілдердің жойылып кетуіне – ағылшын, француз, испан, орыс секілді кезінде ірі отарлаушылық саясат ұстанған елдері кінәлі дегенге саяды.
Ал, бұл атластың ішінде қазақ тілі қандай дәрежеде болды екен? Талқаны таусылған тілдердің қатарына кірмегені ақиқат, себебі ресми тілде қой қайтарып, самаурын жағып жүрген қазақты көрер ма екенсіз? Демек, бізде тіл проблемасы жоқ, жоқ болуға да тиісті. Бірақ, тіл проблемасын жасап жүрген билік басындағы шенеуніктер бар. Мемлекетіміздің көтеріп, өз алдына ел болғанымызға бір кәмелет. Он сегіз жылда бір адам толыққанды азамат болып қалыптасып, орта оқу орнын бітіреді. Ал, бізде сол баяғы жартастың жағасында толқынға қарап ойланып отырған мәңгүрт, Шахановтың тілімен айтсақ шалақазақтар бар. Ата-анасына нан жегізген ресми тілді ұмытқысы келмеді ме, жоқ әлде жалқаулығы желкесінен кері тартты ма, шенеуніктердің дені қазақ тіліне құлықсыз екенін көрсетті.
«Абай, Шәкәрім, Міржақып, Мағжандай ақыны бар, бір жерде тізе қосып отырған 5 миллион қазақтың тілі қалай жоқ болады?», деп ана тілі үшін күрескен қайраткер Әлихан Бөкейхановтың «ортақ тіл» жасау мәселесіне қайыспай қарсы тұрғаны тарих еншісінде қалғанмен, бүгінге үлгі. Алайда, солар қорғаған тіл, сол қалпында. Біз Абайдың өлеңін, Мағжан жырларын солар басында жазған тілде оқып жаттадық, әрі қарай да солай болады дейді көкейдегі ой. А.Байтұрсынұлы «Біздің қазақтың ісі жаңа басталып келе жатыр. Не болары белгісіз. Қазақ я құрып жоқ болар, я тілімен де өзгелердей тіршілік етер. 20-шы ғасырға дейін түріктің тілін аздырмай асыл қалпында алып келген, тіл турасындағы абырой мен алғыс қазаққа тиісті. Атаның сындырмай берген мүлкін, қолымызға алып быт-шытын шығарсақ, ол ұнамды іс болмас», - дейді. Қазақтың екі қайраткері дәл бүгінгі күні тіл мәртебесін көтеруге негіз сөз қалдырып кетіпті.
Жамбыл облысы бойынша
ҚАЖК басқармасы ЖД 158/4 мекемесінің
режим бөлімінің бастығы
әділет капитаны Болат Жұмашев




