Қазақ тілін үйренуге шақырамын!
Менің Отаным - Қазақстан. Мен осында туып, өстім. Сондықтан өз Отанымды сүйемін. Достарымның көбі қазақ болғандықтан, олармен араласу үшін маған кішкентайымнан қазақ тілін білу қажеттігі туындады. «Тіл - қатынас құралы» деп тегін айтылмағаны осыдан шығар.
Тілді білген адамға қазақ тілі - әдемі, қызық, әрі бай тіл. Әділет Департаментінде қызмет атқара отырып, қазақ тілі жөніндегі біліктілігімді үнемі арттырып отырамын. Осы бағытта қазақ тілі жөніндегі байқауға қатыстым. Бұл байқауда тек мен ғана емес, басқа да ұлт өкілдері болды. Мысалы, шешен, татар. Байқауға әзірлік барысында, біздер қазақ тілінің өзіміз білмеген жаңа қырларымен таныстық.
Департаментте тілді үйрету курсына қатысу арқылы да қазақ тіліне деген сүйіспеншілігіміз артып, біліміміз тереңдей түсуде.
Сонымен қатар, қазақ тілі - Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі. Мемлекеттік қызметкер ретінде, әрі біздер халыққа қызмет көрсететін болғандықтан, қазақ тілінің қажеттігі - қазіргі заман талабы. Бірақ қазақ тілін үйрену кезінде, оның заман талабы болғандығынан емес, қазақ халқына деген сыйластықтан, оның тілі мен тарихына деген құрметпен үйренуіміз қажет. Қазақ халқының қонақжай, мейірімді, ақ көңіл халық екенін естен шығармауымыз қажет.
Қазақ халқымен бірлігіміз жарасып, аралас-құралас болуымыз - қазақ тілінің дамуына үлесін қосса, қазақ тілі - Қазақстан Республикасын дүние жүзіне қазақ елі етіп танытатын тіл болатыны анық деп ойлаймын. Сондықтан қазақ тілін үйреніп, оның дамуына үлес қосыңыздар дегім келеді.
Елена Абашина
Батыс Қазақстан облысы әділет департаментінің
жетекші маманы




