Оңтүстіктің түзеу мекемелерінде ойластыратын мәселелер көп

Көзі: «Жазаларды орындау-Исполнение наказаний»
Автор: Елеусіз Мұратов

Соңғы жылдары еліміздің Қылмыстық атқару жүйесінде жүргізіліп жатқан ізгілендіру саясатының оң нәтижесі күні кешеге дейін құпиясын ішке бүгіп келген түзеу колонияларындағы жұмбақ тіршіліктің былайғы жұртқа беймәлім құлпын ашып берді. Қазір түзеу мекемелеріндегі жүдеу тұрмыстың еңсесін көтеріп.тынысының кеңіп қалған жағдайы бар. Дегенмен де бұл салада әлі де қолға алатын шаруа аз емес секілді. Ұдайы байқалап қалатын кадр тапшылығы,жалақының жартымсыздығы,түзеу мекемелері орналасқан ғимараттардың азып-тозып уақыт талабынан артта қалып қоюы сияқты әзірге түпкі түйіні күрмеуге келмей қолды байлап отырған қомақты проблемалар сол баяғысынша көш соңынан қалмай келеді. Бұл қалай десеңізде жеке жарым адамның шама шарқы жететін іс емес,ол күш қуаты мол мемлекет мойнына түсетін атан түйедей салмағы бар ауыр шаруа болып отыр.
Осы Шымкент қаласының қақ ортасындағы ИЧ-167/1 түзеу мекемесінің алғашқы ірге тасы сонау ақ патшаның әмірі жүріп тұрған өткен ғасырдың 1900 жылы қаланған десек,онымызға былайғы жұрттың сене қоюы неғайбіл тәрізді. Алайда айналып өте алмайтын ақиқат деректер осылай дейді. Мекеме бастығы,әділет майоры Теңізжан Жәнібековтың әріден таратып айтқан әңгімесіне құлақ түрсек,біреулер келіп,біреулер кетіп тіршілігі үнемі сапырылып қайнап жататын осы тергеу абақтысы Кеңес үкіметінің тұсында кем-кетік жерлері қайтадан жамалып,жасқалып, аудандардан сотталып келгендердің белгілі бір аумақтағы колонияларға жөнелтілгенге дейін ат шалдырып,аялдайтын уақытша орнына айналдырылған. Одан бері заман өзгеріп,уақыт алмасса да ғасырмен бірге жасасып келе жатқан көне көздер айналасы биік дуалдармен қоршалып,тікенек сымдар тартылған тергеу абақтысын сол баяғы ескі атауымен әлі күнге дейін өткіншілердің түрмесі деп атайды. Ал өткіншілер түрмесінің өткен ғасырдың 70-ші жылдарынан бастап Ішкі істер министрлігінің құзырындағы тергеу абақтысына айналдырылғанын бүгінгі ұрпақ ғана біледі. Өкінішке орай түзеу мекемесінің атауы қанша жерден өзгертілсе де оның жұпыны қалпы сол күйінде қалып қойған. Мекеме бастығының айтуынша тергеу абақтысына жеткізілетіндердің саны кей кездері қалыпты деңгейден асып кеткенде мұндағылар әжептәуір әбігерге түсіп қалады екен. Қазір абақтыда 550-ге жуық адам сот үкімін күтіп отыр. Өткен ғасырдың сексенінші жылдары ірге тасы қаланып,қабырғасы көтерілген орталық тергеу абақтысы болса жыртыққа жамау болмайтын қаражаттың аздығынан сақалды құрылыстардың біріне айналып келеді. Басқарма бастығының сөзіне сенсек,құрылыс басталғанда шені әділет лейтенанты болған болашақ мекеме бастығығының қазіргі әскери атағы полковник көрінеді. Сондықтан да орталықтағы ескі тергеу абақтысының бастығы Теңізжан Жәнібековтің негізгі әңгімесі Қылмыстық кодекстегі бірыңғай жазалау сарынында кететін,алайда түпкі қорытындысы күткендегідей нәтижеге қол жеткізе бермейтін кейбір баптардың санкциясын жеңілдетіп, ондай санаттағы қылмыс жасағандарды бас еркінен айырмайтын шартты жазаларға ауыстыру төңірегінде өрбіді. Теңізжан Жәнібеков бүгінгі түзеу мекемелеріндегі сотталушылардың негізгі салмақты бөлігін құрайтын 259,178,179-баптарының 1-ші бөліктерімен жауапқа тартылғандарды жәбірленушілерге келтірілген залалы толықтай өндірілсе бас еркінен айырмай неғұрлым ықпалды шараларға тартудың қажеттігін айтады. Анығында осы күні есірткіні пайдаланушылар мен ұялы телефондарды тартып әкетуші бозбалар мен бойжеткендерді сотқа сүйреп жазалау тым бел алып кетті. Теңізжан Жәнібеков көптеген жастар мұндай қылмысқа албырттықпен барады деп есептейді. Оның өз бетінше осы әрекеттерге байланысты жүргізген сараптамасы Қылмыстық кодекстің 178,179- баптарының 1-ші бөліктерінде көзделген қылмыстық әрекеттерге көбінесе 18-25 жас аралығындағы көкөрім жастар баратындығын көрсетуде. Бүгінгі қалыптасқан өмір тәжірибесі де әрі кеткенде әкімшілік жазамен шектеуге болатын жастың тәрбие шарасынан тыс қалып, жазалау қасапқанасының шеңгеліне ілігіп кететіндігін көрсетіп отыр. Керісінше түрменің адамды түзей алмайтындығын,қайта бір кездердегі тентектікпен жасалынған әрекеттің дағдыға айналып,тамырын тым тереңге тартып,түп қорытындысында ақыл ойы таза азаматты қоғамның жоғалтып алатындығын біз пікірлескен түзеу мекемесіндегі мамандардың басым көпшілігі құптады. Ал Қылмыстық атқару жүйесі Комитетінің Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша басқармасы бастығының орынбасары,әділет полковнигі Сейтхан Сүгіровтың жаза жөніндегі ортаға тастаған пікірі ой саларлықтай. Сейтхан Әбдіқадырұлының пайымдауынша қылмыс үстінде қолға түсіп,қамауға алынған қылмыскердің не себептен ондай теріс әрекетке барғандығы егжей тегжейлі зерттеліп, ол сот отырысында жария етілсе, ондай адамға жазаның қандай түрі лайық екендігі өз өзінен белгілі болар еді. Шалыс басқан адамның бәрін соттай беру мақсат емес тәрізді.Оның есесіне соңғы жылдары несие,пәтер алып береміз деген өтірік желеумен көптеген аңқау азаматтарды барынан айырып,сазға отырғызып кетіп жүрген алаяқтарға қолданылатын жазаны анағұрлым қатайтуымыз керек шығар. Қарап отырсаңыз қазіргі қылмыстық заңнамаларымызда тұс-тұсқа ала қашатын ала-құлалықтар көп-ақ. Кейде есірткі сатып өзгелердің санасын улап жүргендермен кісі тонағандарға бірдей жазаның белгіленетіні бар. Былтыр Шымкентте сот органдары 3 кило есірткімен қолға түскен шешен азаматын 6 жылға бас бостандығынан айырса,кісі тонаумен айналысқан өрімдей жас балаға да осындай жаза тағайындаған. Бұл әділдік пе. Теңізжан Нұрмаханұлының пікірінше 259-баптың 2,3,4-бөліктерімен жауапқа тартылатындардың жазасы аса ауыр болуға тиісті.
ИЧ-167/3 түзеу мекемесінің бастығы,әділет полковнигі Бекмұрат Жүзімбаевтың да Қылмыстық кодекстің 259-бабының кейбір бөліктері төңірегіндегі көкірегіне түйген ойлары осы мазмұндас. Өмірінің мағыналы жылдарын түзеу мекемелеріндегі алғысы аз,азабы мол жұмысқа арнаған тәжірибелі мекеме басшысы да 259-баптың 2,3,4-бөліктерімен қылмыс жасап,есірткі сатқандарды барынша қатаң жазаға тартуды қолдайды. Ал ақыл есін есірткіге алдыртып,онсыз тұра алмайтын халге жеткен науқас адамдарды түзеу колониясына тоғытқаннан пайда бар ма.Мекеме мамандары олардың түзеу мекемесіне келгеннен кейін де дендеген дерттен біржолата қол үзіп,сауығып кете алмайтындығын,сондықтан да мұндай қылмыскерлерді арнайы медициналық мекемелерде ұстап емдегеннің тиімді екендігін қолдайды.
Бекмұрат Жүзімбаев басқаратын ИЧ-167/3 түзеу мекемесі негізінен 1000 адамға лайықталынған. Бұл күндері мұнда 800-ге жуық адам сотпен белгеленілген жазаларын өтеу үстінде. Сотталушылардың арасында кімдер жоқ дейсіз, қолдары күнәсіз жандардың қандарына боялғандар да,бірнеше рет сотталса да түрменің төрін қимай қайта қайта ат сабылтып келіп тұратындар да бәрі бәрі бар.Мекемеде сотталғандарға орта білім беретін мектеппен кәсіптік техникалық училищенің филиалы жұмыс істейді. Бір сөзбен айтқанда түрлі қылмыстар жасап, тағдырлары түзеу мекемесінде тоғысқандарға мемлекет тарапынан жасалынып жатқан қамқорлықта шек жоқ. Ал енді сол түзеу мекемесінде түк болмағандай жазаларын өтеп, қажет десеңіз құқықтарын шайқап,айқай көтеретін қылмыскерлердің қолынан қаза тапқан ер азаматтарының қабырғаны қайыстырар өлімінен кейін шөгіп қалған қаралы отбасыларындағы қайғылы жандар мен панасыз қалған жетім,жесірлердің жағайын кім ойлайды. Қоғамымыздағы әзірге жауабы табылмай тұрған көп сауалдың бірі осы. Бекмұрат Жүзімбаев қылмыскер сотталып кеткеннен кейін қайғыдан қан жұтқан жәбірленушінің жағдайы мүлдем тасада қалып, ешкімді ойландырмайтындығын айтады.Өмірі орны толмайтын қайғылы қазаларды айтпағанда жәбірленушілерге келтірілген залалдың өзі өндірілмей ауада ілініп қалады. Себебі бүгінгі колонияларды баяғы кеңес заманындағыдай жоспарлы жұмыс көзі жоқ, сол себептен де сотталушы түзеу мекемесінің үш мезгілгі тамағын ішіп,кесілген мерзімінің жартысын өтегеннен соң шөп басын сындырмастан еркіндікке шығып кете барады. Ақылға салып көрсеңіз олардың түзеу мекемелеріндегі құқықтары жәбірленушінікімен салыстырып қарағанда көп жағдайда артық қорғалынады. Расында да Бекмұрат Жүзімбаевтың деректермен дәлелдеп айтқан әңгімелері ден қоярлық. Мекеме мамандары кезінде колония тұрғындарының мыңнан асып жығылған кездері болғандығын да еске алады. Кейін дүркін-дүркін рахымшылық заңы жарияланып, Қылмыстық кодекстегі кейбір баптардың жазалары жеңілдетілісімен ахуал біршама жақсарған. Бәрі дұрыс,тек сотталушыларды еңбек арқылы түзу жолға салудың ғана түйіні шешілмей,әуре сарсаңға салып келеді. Бекмұрат Жүзімбаев ендігі жерде уақыт талабына сай айыпқа тартылған адамды дәл бүгінгідей бағып,қақпай керісінше мемлекетке қаржы төлеп,пайдасын тигізетіндей жазаға тартуды ойластырудың мезгілі жеткендігін айтады. Өйткені мекеме басшысынаң есебіне жүгінсек осы мекеменің өзінде ғана бір сотталушыға айына 18-24 мың теңге аралығында шығын жұмсалынады екен. Әрине бұл аз қаржы емес.Тіпті өмір бақи мемлекет игілігі үшін маңдай терін сыпырып жүріп еңбек еткен зейнеткерлердің зейнетақысы бұдан әлдеқайда төмен. Айналып келгенде қалтасынан ақша шығарып,сотталушыны бағып,қағатын жалғыз қамқоршы әзірге мемлекет болып отыр. Ал колониялардағы дәл бүгінгідей жалаң үгіт пен жайлы тұрмыстың заңды аттап өткен сотталушының мінез-құлқын түземейтіндігін өмір шындығының өзі дәлелдеуде. Керісінше қауіпті қылмыскерлермен жұмыс істеп, қиындықпен бетпе бет қалып отырған түзеу мекемесі қызметкерлерінің бүгінгі жағдайы тиісті орындар тарапынан ұмыт қалып отырған тәрізді. Сол себептен де болар жалақысы жартымсыз түзеу мекемелерінде жұмыс істеуге ынта, тілек білдіретіндер аз. Таяуда колония қызметкерлерінің айлығы 30 пайызға өскен еді. Амал нешік оған мойнына құрық тимей отырған асау инфляция әл бермей кетті.Мекеме қызметкерлерінің басым көпшілігінде баспана жоқ. Ұлын өзгенің пәтерінде үйлендіріп, қызын басқаның босағасынан ұзатқандар мұнда жетіп артылады. Құзырлы орын басшыларының мәселенің осы жағына да көңіл бөлгені дұрыс шығар.

Қылмыстық атқару жүйесі Комитеті Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша басқармасының бастығы,әділет полковнигі Бекболат Әлиұлы ТҮЗЕЛБАЕВ

«Есірткі емі жоқ дертке айналып барады сондықтан да оны таратушыларды өмірлік жазаға тарту қажет»
- Бекболат Әлиұлы жауапты қызметтің тізгінін ұстағаныңыз құтты болсын.
- Айтсын,рахмет.
- Жаңа қызметтің орынтағына жайғасқан адамның мекемедегі жұмыстың жай-жапсарына сыни көзбен қарайтын әдеті болушы еді, егер құпия болмаса сіз қандай осал тұстарды байқадыңыз.
- Кемшілік дегеніңіз көзге бадырайып тез ілігетін құбылыс емес пе. Жаңа қызметтің жауапкершілігі мол аманатын қабылдап алғаннан кейін атқарылған істің барысына өз бетімізше талдау жасап,кем кетігін сараптамадан өткіздік. Сондағы бір байқағаным басқармаға қарасты құрылымдардағы жұмыстың тізгіні босап,бақылау тым нашарлап кеткен екен. Істің осындай күнгейі мен көлеңкелі жақтарын түзеу мекемелері басшыларының ақыл таразысына сала отырып, аз уақыт ішінде бәрін де ретке келтірдік. Қазір айды айтпағанда апта сайынғы атқарылған шаруаларды талдап,өз өзімізге сыни көзбен қарауды дағдыға айналдырдық. Сонымен қиюы қаша бастаған шаруаның түзеліп,тәлтіректеген тәртіптің қалпына түсіп келе жатқан жағдайы бар.
- Шырайлы Шымкенттен оқтын-оқтын шу шығып қалатын әдеті бар. Қателеспесек, осы былтыр Ленгір қаласына таяу орналасқан түзеу мекемесіндегі кездесу бөлмесінен асылып қайтыс болған екі адамның жансыз денесі табылып,қолайсыздау оқиғаның соңы аттандаған айқайға ұласып еді,соның нәтижесі немен аяқталды.
- Бұл енді жауапсыздықтың салдарынан кеткен қателік. Сол оқиға жалпақ жұртқа жария болысымен басқарма тарапынан қызметтік тексеру жұмыстары жүргізіліп, кемшілікке жол бергендер жазаларға тартылып,мекеме бастығы орнынан алынды. Жақында колонияға жаңа басшы тағайындалды.Талайларға сабақ болған олқылықтың орнын сол әріптесіміз толтырады деп үміттенеміз.
- Бекболат Әлиұлы бүгінгі таңда Оңтүстік Қазақстан облысының аумағына орналасқан түзеу мекемелерінде жеделдетіп шешуді қажет ететін қандай өткір проблемалар бар деп ойлайсыз.
- Кадр мәселесінің қатты қинап тұрған жағдайы бар. Әсіресе іскер мамандар тапшы,Өкпе ауруын емдейтін түзеу мекемесінде дәрігерлер жетіспейді. Барларының өзі жалақының аздығына байланысты айлығы мол басқа салаларға ауысып кетіп жатыр. Биыл мекеме қызметкерлерінің жалақысы 30 пайызға көбейгенімен оның көлемі айналып келгенде 25-30 мың теңгеден аспай қалды. Азық түлік бағасы мен басқа да тұрмыстық шығындар көлемі артып отырған тұста әлгіндей т арзымайтын жалақымен мамандарды ұстап тұру мүмкін болмай тұр. Мәселен түзеу мекемесіндегі отряд бастығы мен ішкі істер органындағы учаскелік инспекторға жасалынып отырған қамқорлықты салыстыра қарасаңыз одан жер мен көктей айырмашылық бар екендігін байқар едіңіз. Басқасын айтпай-ақ қояиын, олардың атқаратын жұмыстарының ара салмағы тең болғанымен алатын жалақысының арасында 25-30 мыңдай айырма бар. Сондықтан да келешекте түзеу мекемелеріндегі ішкі тәрбие жұмыстарымен тікелей шұғылданатын қызметкерлердің жалақыларын көтеру қажет деп ойлаймын. Бұл өз көйлегім өзіме жақсы деген біржақты пікір емес, анығында да колониядағы жұмысын құлқын сәріден бастап, түн жарымы ауа аяқтайтын түзеу мекемесі қызметкерлерінің еңбегі ондай құрметке әбден лайықты.
Екіншіден ірге тастары қаланып,салынғандарына 75-80 жыл болған көптеген түзеу мекемелерінің ғимараттары ескіріп,күйін жоғалтқандықтан апатты жағдайдың алдында тұр. Мұны құзырлы орын басшылары ойлануға тиіс.
- Осы сапар барысында біз пікірлескен көптеген түзеу мекемелерінің басшылары мен мамандары Қылмыстық кодекстегі кейбір баптардың жазасын жеңілдету қажет деген ой тастады. Сіз қалай ойлайсыз.
- Шындығында да Қылмыстық кодекстегі кейбір баптардың санкциясы қайта қарауды қажет етеді. Есіңізде болса әдепкі жылдары 1 тауық,2 қап ұн ұрлаған азаматтарды да жазаға тартып, түзеу мекемесіне жөнелткен жоқпыз ба. Мүмкін сол кезеңде солай жасау қажет те болған шығар. Қазір заман өзгеріп,уақыт алмасты. Көптеген жеңіл желпі қылмыстар тараптар өзара келісіп,келтірілген шығынның орны толтырылса Қылмыстық кодекстің 67-бабының талаптарына сәйкес қысқартылатын болып жүр. Бұл дұрыс нәрсе.Мені ойландыратыны да Қылмыстық кодекстің 259-бабының 1-бөлігімен жасалынатын қылмыстық әрекет болып отыр. Тәжірибеден байқалып жүргеніндей есірткіні жолдан тауып алдым деп пайдаланатындарды ә дегенен жауапқа тартып,соттамай тұрып, солар арқылы нашаны сататындарға сатылап шықсақ,көп нәрседен ұтар едік. Амал нешік іс жүзінде олай болмай тұр. Есірткіні пайдаланушыларды соттаймыз да оны сатып сан мыңдаған адамның санасын улап отырғандарды тасада қалдырып кетеміз. Есірткіні пайдаланушыны соттап,колонияға жібергеннен еш нәрсенің өзгермейтінін,денесін дертке алдырған адамның соңынан қашан де нашаның еріп жүретіндігін былайғы жұртты айтпағанда заң орындарының өздері түсіне бермейді.Үстіміздегі жылдың 2 қаңтары күні ИЧ-167/1 түзеу мекемесінің бақылаушысы,әділет аға сержанты Фарида Юсупова тергеу абақтысында отырған Абзал Дәулетовке салмағы 1,6738 грамма тартатын геройнды алып өтпекші болған азаматша Жанна Бәймішеваны қолға түсірді. Ал осы жылдың 19 ақпаны күні сол ИЧ-167/1 түзеу мекемесінің қызметкерлері 259-баптың 1-ші бөлігімен қарастырылған қылмыстық әрекетке барғаны үшін жауапқа тартылып,Ордабасы аудандық ішкі істер бөлімінің уақытша оқшаулау орнынан тергеу абақтысына жеткізілген Анатолий Каптелевті тінту барысында оның қалтасынан салмағы 4,9544 грамм тартатын героин тауып алды. Мұндай деректердің өзі ерік жігерін есірткіге алдырған адамды түрменің де түзей алмайтындығын көрсетсе керек. Керісінше осы баптың қалған бөліктерімен қолға түскендерді өмірлік жазаға тартқанды дұрыс дер едім.
- Мақсатыңыздың дұрыс,ниетіңіздің түзу екендігіне күмән келтіре алмаймыз. Тек сол есірткі сатушылардың ар жағында тұратын қуатты топқа күш қайратымыз жете қоя ма.
- Егер күш біріктіріп,тізе қоссақ ұрпақ болашағына қауіп төндіріп отырған мұндай кеселді ауыздықтауға болады деп ойлаймын. Өйткені нашақорлықтың қоғамымызға үлкен залал келтіретін дерт екендігін бір сәт те естен шығармағанымыз абзал.
- Өмірбаяндық деректеріңізге қарасақ, еңбек жолыңызды ішкі істер органынан бастап, оны күні кешеге дейін жалғастырған екенсіз. Ішкі істер органы мен Қылмыстық атқару жүйесінің жұмысы арасында көзге ұрып тұратын елеулі айырмашылық бар деп ойлайсыз ба.
- Қылмыстық атқару жүйесінің өзіне тән ерекшелігі көп. Бұл салада жұмыс істейтіндерге психологиялық салмақ көп түседі,себебі жұмыс ауыр әрі жауапты.Жүз сотталушының мінез құлқы мен ойлау қабілеті де жүз түрлі. Олардың әрқайсысымен ортақ тіл табысу оңай шаруа емес. Тағы бір байқағаным түзеу мекемелерінің техникалық жабдықталуы жағынан ішкі істер органдарынан 20 жылға артта қалып кеткендігі аңғарылады. Байланыс жағы нашар. Ол қаражаттың жоқтығынан емес,түзеу мекемелеріндегі осындай кем-кетіктердің орнын толтыруға тиісті республикалық мемлекеттік кәсіпорындардың шығынға белшелерінен батып,қауқарсыздық танытуында болып отыр.
- Демек сіз де көптеген мамандардың айтып жүргеніндей түзеу мекемелерін республикалық мемлекеттік кәсіпорындардың тарапынан қаржыландыруды құптамайтын секілдісіз.
- Ол ойыңыз дұрыс. Осыдан пәленбай жыл бұрын да түзеу мекемелері республикалық мемлекеттік кәсіпорындарынсыз -ақ өмір сүріп келді емес пе. Әрине ол кезде мемлекеттік тапсырыс мол болатын,сотталушылар қарап отырмай белгілі бір шаруамен айналысатын. Одақ таратылысымен ондай жүйе де жоғалды, Мен сізге мынаны айтайын, таяуда облыс прокурорымен мемлекеттік тапсырыс жөнінде келісіп, әкімге хат жазатын болып уағдаластық. Облыс басшысы тілегімізді құп алып,мақұл дегенімен бағасы арзан тапсырыстың ортадағы республикалық мемлекеттік кәсіпорынның қоятын талабымен аспандап,қымбаттап кететініне қылаудай күмәнім жоқ. Неге десеңіз есеп шотқа түсетін 100 мың теңгенің кем дегенде 20 мыңы солардың жалақысы мен басқа да шығындарын жабуға жұмсалынады. Мысалы біздің 31-ші деп аталынатын түзеу мекемесінде осы республикалық мемлекеттік кәсіпорынның еншісіндегі қазандық бар. Суды түзеу мекемесінің бастығы Водоканалдан сатып алады,ал кәсіпорын соны ысытады да колонияға қайта сатады. Біртүрлі делдалдық қызмет сияқты...
- Сонымен түзеу мекемелеріндегі жазасын өтеушілерді жұмыс көзімен қамту сол баяғысынша күрделі күйінде қалып отыр дейсіз ғой.
- Есіңіз да болса одақтың тұсында ГАЗ-53 маркалы көлігі Горький қаласында құрастырылғанымен оның бөлшектері басқа республикаларда жасалынатын. Түзеу мекемелерін жұмыспен қамту үшін мүмкін осындай бір бірімен тығыз қарым қатынасты қамтамасыз ететін қуатты жүйе қажет шығар.Қалай десеңіз де тапсырыс мәселесін шешу мемлекет деңгейіндегі іс болып отыр. Ал былайша әркімнің өз бетінше әрекет жасап,тұс-тұсқа тартқанынан пайда болмайтын түрі бар.
- Түбі колонияларды шаруашылық есепке көшіру қажет деп ойлайсыз ба.
- Өз басым оны әзірге ертерек деп санаймын. Егер мемлекет тарапынан колонияларға ұзақ мерзімге несие беріліп, атқарылуға тиісті шаруаның жөн,жобасы белгіленіп жатса келешекте оны да жүзеге асыруға мүмкіндік болар.
- Бүгінгі түзеу мекемесін қандай үлгіде салу қажет санайсыз.
- Өркениетті мемлекеттердегідей 4 немесе 2 адамдық камералық үлгіде салынғанын қалар едім. Ал енді бұдан тиімді жоба табылып жатса оны да құптауға болады.
- Қазір сот үкімімен жазаға тартылған қылмыскердің құқығын қорғайтын қоғамдық ұйымдар көп. Сонда туғанынан айырылып,қара жамылған жәбірленушінің жағдайын кім ойлауға тиісті.
- Егер ақиқаттың бетіне тура қарайтын болсақ ол анығында да солай. Сотталушылардың құқықтары еркіндікте жүргендерге қарағанда екі есе көп қорғалынады десем артық айтқандық емес. Жазатайым, сотталушының құқығы шектелініп қалды деген тосын хабар жетсе прокуроры бар,қоғамдық ұйымдары бар түгел аттандап,атқа қонады. Жәбірленуші өз талабын бұлайша орындаттыра алмайды. Қылмыс жасап,оған залал келтірген адам сотталғаннан кейін бар шаруа сонымен бітеді. Кейде бір отбасын түгел ойрандап өлтірген қылмыскерге сот органдарының оның бүкіл әрекеттерін жинақтап, 12 жыл беретіні бар.Бұл дегеніңіз тым жеңіл жаза емес пе.
- Сонда сіздіңше ол қалай болуы керек.
- Меніңше сот органы ондайда қылмыскерге оның қолынан қаза тапқан әрбір бейкүнә жан үшін жеке жеке жаза белгілеуі керек.
- Әңгімеңіздің астарына қарағанда өлім жазасын құптайтын сыңайлысыз.
- Өлім жазасын қолдамайтындардың дені құдай берген жанды жаратқанның тек өзі ғана алуы тиіс деген тәрізді уәж айтады. Ендеше сол ғұмырды әлдебір жұмыр басты пенденің неге қиюы керек, ол тәңірі емес ғой. Демек біреудің өмірін қидың екен сен де өміріңді қиналмай бер.
- Көптеген мамандар тәркіленіп алынған есірткінің қайтадан айналымға шығып кететіндігін жоққа шығармайды. Біздің ойымызша алынған есірткінің уыты мен мөлшері жөнінде сарапшының хаттамасы толтырылғаннан кейін оны сот үкімі шыққанға дейін сақтаудың қажеті жоқ тәрізді. Сіз қалай ойлайсыз.
- Егер менің еркімде болса алынған есірткі заттары қайтадан айналымға шығып кетпес үшін айғақты заттар қоймасын ішкі істер органдарынан алып, сараптаманың құзырына берер едім. Алайда ол жойылар кезде тәркіленген есірткі салмағының бастапқы өлшемімен сәйкес келуін мұқият зерттеу керек. Ал күнделікті тәжірибеде сот органдары кепкендігінен салмағын жоғалтқан есірткіні қайтадан сараптамаға жіберіп,әбігерге түсіп жатады. Мұның бәрі де құқық қорғау органдарының бір біріне сенбеушілігінен туындап отырған жағдайлар.
- Уақыт бөліп,сырласқаныңыз үшін үлкен рахмет.