Зағипа Балиева, ҚР әділет министрі: Заңы жоқ қоғамдағы мың жылдан, заңды сақтап өмір сүрген бір күн артық

Көзі: «Айқын»
Автор: Мақпал Қаратайқызы

– Зағипа Балиева мен Орталық сайлау комиссиясы (ОСК) егіз ұғым секілді. Себебі ұзақ жылдар оның басы-қасында болған да өзіңізсіз. Бірақ президенттік сайлау қарсаңында сіздің қызметіңіз Оңалсын Жұмабековке бұйырды да, сіз оның орны суып үлгермеген креслосына жайғастыңыз. Өткелде ат ауыстыруға не себеп болды? Осы жайында халық арасында: "З.Балиева үлкен доданы басқарудан жүрексініп, әрі оппозиция мен батыстық ұйымдардың қойған талабы мен тепкісіне шыдай алмай, ОСК-дан кетуге мәжбүр болыпты" деген әңгімелер жүрді. Осы жайында өзіңіз не дейсіз?
– Ең алдымен айтарым, Орталық сайлау комиссиясын құрған мен емеспін. Бұл – аса жауапты міндет жүктелген маңызды мемлекеттік орган. Орталық сайлау комиссиясын әр уақытта атақты, ел сыйлаған ардақты азаматтар Қаратай Тұрысов, Юрий Алексеевич Ким басқарған. Еліміз тәуелсіздігін алған жылдардан бастап сайлау комиссиясы қызметін қалыптастырудың ең басында тұрған ағаларымыздың еңбегі ұшан-теңіз. Сайлау жүйесінде өз қызметімді бастаған кездері Қаратай аға мен Юрий Алексеевичтен үйренгенім, түйсінгенім көп болды. Алдымда үлгі көрсететін осындай асқар таудай ағаларым болғаны үшін тағдырыма ризашылығымды білдіремін.
Ал оппозицияға келетін болсақ, қарым-қатынасымыз өзара сыйластық деңгейінде десем, артық айтпаған болармын. Орыс халқының бір мәтелінде айтылғандай, "ақиқат пікірталаста ғана анықталады". Сондықтан да қоғамда әртүрлі пікірлердің етек алуы, олардың әрдайым бәсекелестікте болуы – қоғамымызды алға жылжытатын негізгі факторлардың бірі. Онсыз қоғам алға баспайды. Мен сіздерге бір сырымды айтайын, біз қазақ болған соң жиі кездесіп, араласып жүргенді ұнатамыз. Сондайда әрбір төртінші тілек-тосты қарсыластарым үшін көтеремін, оларға рақметімді айтамын. Олар болмағанда мен бүгінгі дәрежеге жетер ме едім? Даму, алға ілгерілеу тек бәсекелестік бар жерде ғана болады.
Өткелде ат ауыстырудың қажеттілігіне келсек, Ата Заңымыз бойынша Орталық сайлауком төрағасы қызметінің мерзімі бес жыл. Мен екі мерзім қатарынан Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясын басқардым, қызметімді үлкен жауапкершілікпен атқаруға тырыстым. Елбасымыздың өзіңіз айтқандай қызметтік ауыс-түйіс жасауынан ешқандай астар іздеудің қажеті жоқ. Бұл – еліміздің заң шеңберіндегі қажетті және тиісті шара. Менің негізгі мамандығым құқықтану болғандықтан, Елбасының маған көрсеткен үлкен сеніміне ризашылығымды білдіремін, бұл қызметтің жауапкершілігі мен маңыздылығын терең түсінемін. Мен жас заңгерлерге: "өстім, жеттім, мен барлығын білемдікке салынған заңгер – заңгер емес" дегенді үнемі қайталаймын. Жаңа қызметке келгеннен кейін де көп нәрсені біліп, үйренудемін. Жалпы, адамдардың бір-бірінен үйренуі, тәжірибе алмасуы жақсы дәстүр деп есептеймін.
– З.Балиевасыз өткен президенттік сайлаудағы ОСК-ның қызметіне қандай баға бересіз? Сіздің ойыңызша қандай кемшіліктер болды? О.Жұмабековке деген іштей де болса қызғаныш сезімі болған жоқ па?
– О не дегеніңіз? Орталық сайлау комиссиясының командасы президенттік сайлау кезінде өз міндеттерін қалтқысыз орындады деп есептеймін. Мұндай кәсіби жасақталған командамен Оңалсын Исламұлының жолы болды деп айтуға болады. Әділет министрлігі ұжымының жоғары біліктілігі жағынан менің де жолым болды.
Мемлекет басшысын сайлау науқанының үлкен абыроймен өткенін, барлық мемлекеттік органдардың заң талаптарын қатаң сақтап, ашық та бәсекелі сайлау өткізгенін әлем мойындады. Мен де сайлаудан тыс қалып, сыртынан бақыладым деп есептемеймін. Өйткені Әділет министрлігі тарапынан атқарылатын шаралардың барлығына басшылық еттім. Мысалға айта кетейін, 2004 жылы өткен Парламент Мәжілісінің депутаттарын сайлау барысында, сайлаушылар тізімдерін қалыптастыруда айтулы проблемалар болды. Естеріңізде болса, Мәжіліс депутаттары сайлау кезінде тұтастай үйлердің тұрғындары сайлаушылардың тізіміне енбей қалғаны анықталған. Тізімдерді жасақтау азаматтардың конституциялық құқықтарын қамтамасыз етумен шектесетін болғандықтан, маңыздылығын айтып жату артық болар. Ал нақты да дәйекті сайлаушылар тізімдерін қалыптастыру еліміздегі атқарушы билік органдарының құзырында. Жоғарыда айтылған қиындықтарды еске ала отырып, республика көлемінде жылжымайтын мүліктердің түгендеуін жасадық. Түгендеу кезінде біз жарты миллионға жуық тіркелмеген нысандардың бар екенін анықтадық. Оның он мыңға жуығы кеңселер болса, қалғанының барлығы тұрғын үйлер. Қазіргі заңдарымызға сәйкес тұрғын үйлерді тіркеу міндеттелмеген, сондықтан да алдағы уақытта осындай келеңсіз жайттардың алдын алу үшін "Жылжымайтын мүлікті мемлекеттік тіркеу туралы" заң жобасын дайындаудамыз. Оның үстіне тіркелмеген үй мемлекетке мүлік салығын төлемейді. Мемлекет өз аумағында қанша жылжымайтын мүлік нысаны бар екендігінен хабардар болуы тиіс. Сайлау алдында облыс, аудан бойынша жасалған жылжымайтын мүліктердің тізімін атқарушы билік пен Орталық сайлаукомға бердік. Осының нәтижесінде бұрынғы тізімге енбей қалған сайлаушылардың біршамасы осы жолғы сайлаудан тыс қалмады.
– ОСК-ны басқарған кезде сізді БАҚ-тан жиі көретінбіз. Жаңа қызметке келісімен сізді жоғалтып алдық. Осының себебін білсек...
– Өз басым төртінші билік өкілдерін жақсы көремін, сыйластық қарым-қатынас жасаймын, бұл қарым-қатынас екіжақты болар деген үміттемін. Орталық сайлау комиссиясының төрағасы, әсіресе, саяси науқан кезінде күнделікті, тіпті кейде күніне бірнеше рет бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен кездесуге мәжбүр. Сол себепті де бұл қызметті жария лауазым деп атауға болады. Ал қазіргі қызметімде жеке өзімді қалам мен микрофон иелері көп мазалай бермегенімен, Әділет министрлігі тарапынан атқарылып жатқан сан салалы жұмыстың барлығы ақпарат құралдарында кеңінен таратылып жүр.
– Соңғы ведомствоаралық алқа отырысы кезінде сіздің қаһарыңызға мінгеніңізді алғаш рет көрдік. Сегіз қырлы, бір сырлы, сырбаз Зағипа Балиевадан мұндайды күтпеген де едік. Қатты ашулануыңызға не түрткі болды?
– Мен мұны қаһарға мінгендік деп айтпаған болар едім. Нақты фактілерді келтірген ашық әңгіме болды. Болып жатқан заңсыздықтарды жасыруға болмайды. Сыбайлас жемқорлық – қоғамның қасіреті, әрі мемлекеттік қызметкер атына кір келтіретін дерт. Монтескье кезінде "бостандық дегеніміз – әр адамның заң шеңберінде өмір сүруге құқығы" деген екен. Сондықтан адам бостандығын шектеуге ешкімнің хақысы жоқ. Екінші жағынан, сыбайлас жемқорлық оған негіз бар жерде ғана етек алады, оның алдын алу үшін барлық қарым-қатынас заңмен реттелуі керек. Күнделікті өмірде кездесетін бір мысал келтірейін. Басыңызға салмасын, қапелімде төлқұжатыңызды жоғалтып алдыңыз делік. Әрине, құжатыңыздың жоғалғандығын дәлелдеп, белгілі бір мерзім аралығында құжатты қайтадан қалпына келтіру мүмкіндігіңіз бар. Ал егер жедел түрде іссапарға немесе туристік сапарға шығатын болсаңыз не істейсіз? Сіз құжатыңыздың дереу дайын болуы үшін қандай да бір соманы төлеуге даяр боласыз. Тіпті құжатыңызды дереу дайындауға мүмкіндік те бар. Ал төлеген ақшаңыз бір шенеуніктің қалтасына кете барады. Неге осы жайтты заңдастырмасқа, шенеунік қалтасына басатын ақшаны неге мемлекет қазынасына салмасқа? Қазір құжатты заңды түрде жедел рәсімдеуге болады. Астана мен Алматы, облыс пен аудан орталықтарында 3,5 мыңға бір-екі күнде құжатқа ие болу мүмкіндігі бар. Қазіргі уақытта Монополияға қарсы агенттік Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлесе отырып, осы бағаны төмендетудің жолдарын қарастырып жатырмыз. Егер баға мен сапа сай келсе, халықтың билікке деген көзқарасы өзгермей ме? Сонымен бірге құқық қорғау орындарымен бірлесе отырып жылжымайтын мүлікті тіркеудің бағасын белгілеу және реттеу мәселелерін де қарастырудамыз. Мысалы, бағасы ондаған миллион доллар тұратын үйі бар бай адам мен екі бөлмелі пәтерге ие мұғалім жылжымайтын мүліктің төлемі кезінде неге бірдей ақы төлеуге тиіс. Бастысы, жоғарыдағыдай бұлтаңдардың алдын алу заңдарда қарастырылуы тиіс. Менің ойымша, жемқорлықтың негізгі себебін анықтап, соны жою керек, заң күшті жерде жемқорлық болмайды.
– Сіздің алдыңызда болған министрлер тәуелсіз елдің заңдық базасын жасап кетті. Сіз басшылық ететін қазіргі Әділет министрлігі немен айналысып жатыр?
– Дүниеде толығымен жетілдірілген ештеңе жоқ. Әлем тарихында белгілі бір заңдары жоқ мемлекет болған емес. Ол туралы өткен ойшылдар: "заңы жоқ қоғамдағы мың жылдан, заңды сақтап өмір сүрген бір күн артық" деп айтып кеткен. Әрбір заң заман талабына сәйкес келе ме – мәселе осында. Осыдан он жыл бұрын қабылданған заңдар өздерінің тарихи мақсаттарын орындады, соның арқасында еліміз әлемдік дәрежеде жоғары жетістіктерге жетті. Ал қазіргі адамы мен қоғамы сапалы жаңа деңгейде өзгеріп жатқан кезеңде бізге уақыт сұранысына жауап беретін жаңа заңдар қажет. Дұрыс атап өттіңіз, министрлікке басшылыққа келген кезімде еліміздің негізгі заңдық базасы, негізінен, қалыптастырылған болатын. Бірақ біздің еліміздің қарыштап дамып келе жатқандығы соншалық, кейбір заңдар ол қарқынға ілесе алмай қалып жатыр. Заңгер ретінде, біздің қоғамымызда алдымен заңдар қабылданып, содан кейін ғана экономикалық қарым-қатынастар орнататын заман келер деген үміттемін. Қазіргі біздің жұмысымыз шаш етектен. Бірнеше ведомствоаралық комиссиялар құрдық, олардың қатарында әкімшілік пен азаматтық заң шығару да бар. Азаматтық қарым-қатынасты реттейтін азаматтық кодекс заман ағымынан қалып келеді. Өмірімізге ипотека, үлестік салым деген ұғымдар енді. Осы қарым-қатынастар ешқандай заңмен реттелмеген.
– Сіздің министрліктің құзырына қылмыстық-атқару қызметі, паспорт үстелі, тіркеу жұмыстарының мәселелері, нотариустар мен адвокаттардың қызметін бақылау кіреді. Осылардың қайсысына Әділет министрлігі айқын басымдық береді?
– Аталғандардың барлығы айқын басымдылыққа ие.
– Әділет министрлігі Еңбек заңын қатты сақтайды. Естуімізше, қарамағыңыздағыларды кешкі сағат алтыда үйлеріне қайтаратын көрінесіз. Бұл сонда Әділет министрлігінің жұмысы жеңіл деген сөз бе? Астанадағы мемлекеттік мекемелерінің көбісінің шамдары түннің бір уағына дейін сөндірілмейді, әрі демалыс уақытында жұмыс күндері бітіре алмаған шаруаларын тындырады. Бұл мекеме басшыларының жұмысты дұрыс ұйымдастыра алмауының кесірінен бе, әлде жөнсіз қысқартудың әсері ме?
– Біздегі жұмыс күні кешкі сағат жетіде бітеді. Өзім бес баласы бар ана болғандықтан, жұмыс уақыты бітісімен келіншектердің үйлеріне қарай қалай асығатынын жақсы білем. Балалары әкелерін де асыға күтеді, жалпы, бала үшін ана мен әкенің мейірімінен артық не бар? Түн жарымға дейін асықпайтын қызметкерлерді үйінде ешкім күтпейтіндіктен болар. Жоғарыда айтылғандай, сағат жетіде үйге қайтудың реті келмейтін жағдайлар да жиі болып жатады. Әділет министрлігі үйлестіруші орган болғандықтан құжаттар ағымы өте үлкен. Біздің қызметкерлер атқаруға тиіс жұмыстың ауқымы жұмыста кешігуге мәжбүр етеді. Менің өзіме күнделікті түнгі онда, он екіде, тіпті одан да кеш уақыттарда жұмыс істеуге тура келеді. Еңбек заңын сақтау үшін жұмыс барысын дұрыс ұйымдастырып, дұрыс жолға қоя білу шарт. Бұл – басты мәселе. Қызметкерлерді ынталандыру мақсатында тәжірибе ретінде рейтингтік жүйе енгіздік. Қызметкерлердің әрбір бітірген құжаты үшін тиісті балл беріледі, бұл балл Наурыз мерекесінде берілетін сыйақыға тікелей әсер етеді. Менің барлық қызметкерлердің уақытында жұмыстан қайтуын қадағалайтын күнім – спорттық сәрсенбі. Сәрсенбі күні министрлік қызметкерлері спортзалдарға келуі міндетті.
– Сіздің қызметкерлеріңіздің айтуына қарағанда, сіз ұжымыңыздағы қызметкерлердің бірге демалысын әрдайым ұйымдастырып отырады екенсіз, бұл солай ма?
– Мен бейресми жағдайда әріптестердің достығы мен ынтымақтастығын арттыруды көздейтін адаммын. Әділет министрлігінің қызметкерлері мұны біледі. Жаз, күз айларында барлығымыз бірге Бурабайға барып демалдық және әр түрлі жарыстар ұйымдастырдық. Халықты әлеуметтік қорғау және Білім министрлігінің ұжымымен бірге барған демалысымыз айрықша есте қалды. Алдағы уақытта да бірге демалуға жоспарларымыз бар.
– "Ата Заңымызға өзгерістер енеді екен" деген әңгіменің шеті шыққалы біраз болды. Заңгер, әрі саясаткер сіздің пікіріңізше Ата Заңымызға өзгерістер енгізу қаншалықты қажет?
– Конституциямызға өзгерістер енгізудің қажеті қанша? Ата Заңымыз өз әлеуетін тауысса, ол қоғамымызға бірден әсер етер еді. Еліміздегі биліктің үш тармағы өздеріне жүктелген міндеттерді қалтқысыз орындап келеді. Тепе-теңдік принципі де сақталған. Уақыт өте келе Ата Заңымызға өзгерістер қажет болуы да мүмкін, бірақ оның барлығы қоғамның даму динамикасына тікелей тәуелді.
– Үкіметтің соңғы отырысы кезінде Елбасы біраз министрліктің жұмысына көңілі толмайтынын білдіріп, олардың тарапына қатты сын айтты. Бірақ қамшының ұшы сізге тимеді. Сіздің министрлікке тағатын мін болмады ма, әлде сынның болмауына сіздің Елбасыға үкіметтік отырыстарға материал дайындайтын президенттік әкімшілікпен достығыңыз әсер етті ме?
– Егер Әділет министрлігінің атына сын айтылмаса, ол Президент әкімшілігімен жақсы қарым-қатынастың нәтижесі болуы мүмкін дегеніңізді түсіне алмаймын. Ал Елбасына құжат дайындауға қатысуға біздің қақымыз жоқ. Мен тәртіпті қызметкермін және бұл жайтты толық түсінемін. Менің ойымша, жұмыстарын ойдағыдай орындай алмағандар ғана сөз естиді. Соңғы кездері басқа мүдделі тараптармен бірлесе заң жобасын дайындауға ден қойдық. Индустрия министрлігімен тізе қоса отырып 6 заң жобасын жасадық. Министрліктер арасында алауыздық емес, ынтымақ болу шарт. Сонда ғана іс алға басады. Сонымен қатар есіңізде болса, Астана және Алматы қалаларында қоғамдық маңызды жобалардың бірі халыққа қызмет көрсету Орталықтарын "бір терезе" принципімен ұйымдастыруды жүзеге асырдық. Біздің Елбасының сынына ілікпегеніміз Президент әкімшілігімен жақсы қарым-қатынастан емес, тапсырылған міндеттерді табысты орындай алғандығымыздан деп есептеймін.
– Құжаттандыру рәсімін "жалғыз терезе" жүйесі негізінде беру – сіздің бастамаңыз. Әрі Әділет министрлігінің құзырына берілген дүние. Дегенмен осы мәселе күрделене түспесе, жеңілдеді деп айту қиын. "Жалғыз терезе" жүйесіне келіп, тиісті құжатты алғанша адамдар үлкен кезектерде тұруға мәжбүр, онда телефон соғудың өзі қиын...
– Орталықтар ашылған тұста ұзақ-сонар кезек болған. Біз бұл жүйені эксперимент ретінде енгізіп, тәжірибе жинақтаудамыз. Астана мен Алматы қалаларында екі-екіден ХҚКО бар. Астана қаласында жақында тағы да екеуін, Алматыда төртеуін ашуды жоспарлаудамыз. Ағымдағы жылы республика көлемінде 26, келер жылы 125 осындай орталық ашылады деп күтілуде. Олардың саны көбейген сайын қызмет көрсету сапасы жақсара түседі деген сенімдеміз.
– Жуырда Қазақстан түрмелерінен рақымшылық жарияланғандар бостандыққа шықты. Қылмыстық атқару саласындағы реформалар қалай жүріп жатыр? Осы сала халықаралық стандарттарға қаншалықты жақындады? Түрмелерде адамның құқығы қашан құрметтеледі?
– Бұрынырақта бас бостандығынан айырылғандарға туған-туыстары нанға дейін әкеліп беретін. Қазіргі түрмелерді осыдан он жыл бұрынғы түрмелермен салыстырып көріңіз. Қазір тамақтандыру мәселесі шешіліп, сотталушылардың жағдайлары оңалып келеді. Оның үстіне бас бостандығынан айырылғандар өз құқықтарын жақсы біледі. Ауқатынан жүз грамм етті қысып қалыңызшы, сол жерде-ақ айқай шығарады. Астана қаласы маңындағы № 10 түрмеден жапондық тіс емдеу құралын көргенмін. Бостандықта тісі ауырып, емдете алмағандар тісін осында емдететін көрінеді.
Барлық мәселелер шешілді деп айту артық болар, дегенмен жағдайдың жақсарып келе жатқандығы анық.
Ал рақымшылық жасау – ең алдымен мемлекет басшысының ізгілік шарасы, оған бас бостандығынан айырылғандар да, олардың туыстары да дән риза. Бұл орайда, Қазақстанға берілетін баға оң бағытта өзгеруі тиіс, өйткені рақымшылыққа дейін біздің мемлекет түрмеде отырғандардың саны бойынша 25-орында болатын, ал енді бұл көрсеткіш бойынша түрмелік индексте мөлшермен 10- орынға төмендеуге тиіспіз.
– Зағипа Яхияқызы, сіз түрмелердегі өмір мен ол жердегі тәртіп туралы фильмдерді көресіз бе? Мысалға, ресейлік "Зона" телехикаясын алайық.
– Бұл туралы менен жиі сұрайды. Ал, "Зона" желісіндегі фильмдерді көргім келмейді. Себебі бұндай фильмдерде өмір шындығы бұрмаланып, көркемделіп беріледі. Халық арасында түрме қызметкерлеріне деген ұнатпаушылық көзқарастар бар. Бірақ түрмелерде қызмет ету моральдық тұрғыдан да ауыр жұмыс екендігін түсіну керек. Материалдық қиыншылықтар да бар. Республикалық бюджеттен бас бостандығынан айырылған бір адамға 20 мың теңге қарастырылса, біздің кейбір инспекторлардың айлық жалақысы 19 мың теңге. Оларды тұрғын үймен, лайықты жалақымен, әлеуметтік пакетпен қамтамасыз ету үшін жұмыс істеп жатырмыз.
– Келесі президенттік сайлауға түсу ойыңызда жоқ па? Өйткені президенттікке үміткерге қажет барлық қасиет бойыңызда бар. Оның үстіне биліктің қыр-сырын жетік меңгергенсіз. Сайлаукомдардың, сайлауалды штабтарының жұмысынан хабардарсыз. Әрі әкімшілік ресурсты қалай қолданудың да жолын білесіз...
– Ондайды атамаңыз! Алдыма ондай мақсатты қойған да адам емеспін. Менің ойымша, халықтың менталитетін, ұлттық дәстүрді ескеру керек. Қазақстандықтар үшін әйел адам көшбасшы, тіпті мемлекет басқарушы емес, ең алдымен ана, отбасы берекесін сақтаушы. Жалпы, әйел адам әрбір проблеманы жүрегімен шешеді. Егер ер-азаматтар проблемадан тыс тұрып қарай алуға қабілетті болса, әйел адамдар жүрегі мен ақылын қоса тыңдап, бір сәтке де өзінің жар, ана екендігін ұмытпайды. Мен өзімді мемлекет басшысының рөлінде көре алмаймын және ешқашан ойланған да емеспін. Президенттікке ұсынылуға ешқандай ойым да, мақсатым да жоқ. Мемлекеттік деңгейдегі жауапкершілікті іс атқарып отырмын. Заңгер ретінде Әділет министрлігін басқару маған сеніп тапсырылуын үлкен сенім деп есептеймін.
Қазақстан – шығыстық ділді мемлекет. Қоғамда еркек адам әйелден бір саты жоғары қойылады. Үй иесі, тірегі – еркек. Әке-шешем жастайымнан осылай деп үйреткен. Біздің отбасы отағасына бағынады. Оның айтқаны мен үшін, балаларым үшін заң.
– Қым-қуыт, ағысы қатты заманда өзіңізді қалай күтесіз?
– Бұл – қиын да күш-жігерді қажет ететін шаруа. Мен күнделікті таңертеңгі сағат бес жарымда тұрамын, таңертеңгілік жаттығулар жасаймын, шашымды мұқият ретке келтіремін. Сегіз жарымда жұмыс орнымда боламын. Өзімді сергек сезіну үшін спортпен айналысамын. Негізінен, іссапарларда болмасам, жексенбі күні тынығамын. Бір әттеген-айы, балаларыма көп көңіл бөлуге уақытым жете бермейді. Менің үш ұлым, екі қызым бар. Күні ұзаққа созылатын жұмыс барысында олардың қал-жағдайларын телефон арқылы біліп отырамын. Сабақтарын тексерем дегендей. Үйге келісімен екі жасар кенже қызым мойныма асылып, түспейді. Қалғандары да айналсоқтап, қасымнан шықпайды. Балаларымды көргенде өзіме тың күш құйылып, күндізгі шаршағанымды ұмытамын. Өмірдің бір қызығы бала емес пе?
– Сізді өте ақылды, өмірде болып тұратын әр түрлі жағдайларды өз пайдасына еңсере алатын қабілетті адам деседі. Сіз тұрмысқа шыққаннан кейін енеңіз бен құдағиын арасынан қыл өтпейтіндей құрбыларға айналдырған көрінесіз. Сіз қызмет соңына түскенде енеңіз бен шешеңіз бір шаңырақ астында тұрып, балаларыңызды баққан деседі...
– Бүгінгіме жеткізген де екі анамның ақылы мен қамқорлығы. Оларсыз қызмет жайында ойламай-ақ қоюға болар еді. Маған бақытыма орай, жақсы ене кезікті, бірге тұрған 26 жылда енеммен бірде-бір рет ренжісіп, "шәй" десіп көрмеппін. Ал менің анам осы өмірдегі ең ақылды әйел. Бір қызығы, енем мен анам екеуі бірдей киінеді, екеуі қатар құрбыдай, қайда барса да бірге жүреді. Бірін-бірі тойға шақырып жүретінін қайтерсің...
– Күйеуіңіздің қызметіңізге деген көзқарасын білсек. "Бәрін тастап, балаларыңды бақ" деген сәттер болды ма?
– Ол мені жақсы көреді.
– Құрбыларыңыз бар ма? Үйде тамақ дайындайсыз ба? Сізді бай әйел деп атауға бола ма?
– Менің тамаша екі құрбым бар, олар Бірғаным Әйтімова мен Гүлжан Қарағұсова. Мектеп қабырғасынан бері достасқан екі жан құрбым, студенттік жылдарында табысқан бірнеше құрбыларым бар. Үйде негізінен, шығыстың дәстүрлі тағамдарын – палау, бесбармақ, манты пісіргенді жақсы көрем. Басқа да тағамдар дайындау қолымнан келеді. Демалыс күндерінде балаларымның өтінішімен оларға бәліш дайындап беремін.
Ал байлық жағына келсек, менің әкем мен шешем өмір бойы ұстаздық еткен қарапайым жандар. Отбасымызда менен басқа екі сіңілім, інім болды. Жанұяда біраз адам болғаннан соң ба, үнем дегеннің не екенін жасымнан біліп өстім. Гардеробымды жиі ауыстыруға да құмарлығым жоқ. Бірақ не алсам да, сапалысын, жақсысын таңдап, ұзақ пайдалануға тырысамын. Менің ортаншы ұлым модельер, ешкімде жоқ эксклюзивті заттар тігіп береді. Осы жаңа жылға анасына өзі дайындаған керемет юбка сыйлады. Сонымен, материалдық жағынан мен өзімді кедейлердің де, байлардың да қатарына қоса алмаймын, ал рухани жағынан мен өте бай әйелмін: менің кең байтақ жерім, дана қазақ елім, өз халқын шексіз сүйетін және қаласа жүрегін де суырып беретін Президентім, сүйікті отбасым, балаларым, аналарым, менің туған-туыстарым, құрбыларым мен достарым, әкемнің жарқын бейнесі, қадірлейтін қызметім, қастерлеп, құрмет тұтатын әріптестерім бар. Осылардың барлығын бергені үшін Жаратушыға мың сан алғысымды айтамын!..