Ынта бар жерде...

Ернат Кенжеханұлы Ақылжанов
Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің Мемлекеттік тілді дамыту бөлімінің бас маманы, әділет подполковнигі
Қазіргі таңда қылмыстың көбеюін жұмыссыздыққа, ішімдіктің салдарына, нашақорлыққа апарып тіреп жатады. Алайда, қылмыстың бірден-бір көбеюінің себептері жастар арасында ұлттық дәстүріміздің аз насихатталуы. Ақиқаттың ақ жолынан аттап, темір тордың ішіне келіп түскен азаматтарға халқымыздың салт-дәстүрін насихаттай отырып, оларға адамгершіліктің асыл қасиеттерін түсіндіру түзеу мекемелерінде жүргізіліп жатқан тәрбие жұмысының ең маңыздысы болып саналады.
Ұлттық салт-дәстүріміз арқылы сотталғандарды тарихымызды, тілімізді, дінімізді сүйетін адамдар етіп тәрбиелей аламыз ба?. Өйткені салт-дәстүрімізде үлкенді сыйлау, кішіге қамқор болу айқын көрсетілгенін біз жақсы білеміз. Ұлттық сезім арқылы адамдардың туған жерге, өскен елге, ана тіліне сүйіспеншілігін оятуға болады. Сол арқылы адамгершілік пен имандылықты қалыптастыра аламыз. Түзеу мекемелерінде сотталғандардың көпшілігі өз ұлтымыздың азаматтары болғандықтан олармен сұхбаттасуды ана тілінде жүргізіп, жазаларын орындап жатқан мекемелерде мемлекеттік тілде кәсіби техникалық оқу оқытып жұмыс орындарында қазақша сөйлесулеріне жағдай жасалуы қылмыстық-атқару жүйесінде қызмет атқарып жатқан мамандардың алдына қойған талаптардың бірі болып отыр.
Осыған байланысты Әділет министрлігі мен Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінде Қазақстан Республикасының Тіл туралы заңы мен Тілдерді қолдану мен дамытудың 2001-2010 жылдаға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру мақсатында бірнеше нормативтік құжаттар қабылданды. Қылмыстық-атқару жүйесі бойынша барлық жерлерде мемлекеттік тілді дамыту топтары немесе жауапты қызметкерлер жұмыс істеуде. ҚАЖ комитетінің 73 түзеу мекемесінде, 18 тергеу изоляторында, 16 «Еңбек» РМК-да және 15 аумақтық басқармаларында қазақ тілі кабинеттері ашылған. 2006-2007 оқу жылдарында 5700 қызметкер қазақ тілі пәнінен дәріс алды. 2007 жылы мемлекеттік тілді дамыту жөнінде жұмыстарының қорытындысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша басқармасы Рессей еліне жақын орналасқанына қарамастан 1-орын алды.
Басқарма мен оның түзеу мекемелерінде мемлекеттік тілде орындалған құжаттар саны 2006 жылы - 62,5 пайыздан ағымдағы жылы 100 пайызға дейін өсті. Барлық түзеу мекемелерінде қазақ тілі кабинеттері толыққанды жұмыс істеп, тек қана қазақ ұлты ғана емес түзеу мекемесінде қызмет атқарып жатқан өзге ұлт өкілдері де дәріс алуда. Облыс бойынша жалпы саны 665 қызметкер сабақ кестесі бойынша қазақ тілі сабағын оқып жатыр. Қазақ тілі кабинеттерінде оқулықтардың саны 255 дана құрайды. Түзеу мекемелері мен «Еңбек-Қызылжар» РМК филиалдарында аппараттық кеңестер екі тілде жүргізіліп, хаттамалары екі тілде орындалады.
Осы Басқарманың түзеу мекемелерінің арасында ЕС-164/3 мекемесінде мемлекеттік тілді дамыту бойынша атқарылған іс-шараларды ерекше атап өтуге болады. Мекеменің бастығы әділет полковнигі Біржан Молдахметов Әділет министрлігінен және ҚАЖ комитетінен мемлекеттік тілге байланысты бұйрықтардың орындалуын жеке бақылауға алып, мекеме қызметкерлерінің қазақ тілін үйренуге толық жағдай жасаған. Атап айтқанда, қазақ тілі кабинеті материалдық-техникалық құралдармен жақсы жабдықталған. Мекеме бойынша қылмыстық-атқару жүйесінде жиі қолданылатын қызметтік сөздік құрастырып, қызметкерлердің пайдалануына ұсынылған. Қазақ тілі оқытушысы болып 20 жыл еңбек өтілі бар, өте тәжірибелі мұғалім Роза Сейітмағанбетова ханым жұмыс атқарады. Ол кісінің оқыту әдістемесінде қызмет саласына байланысты терминдер жиі қолданылып, қызметкерге түсінікті түрде оқу процесін жүргізеді. Соның нәтижесінде мекеменің 70 пайыз қызметкері қызметтік саласы бойынша мемлекеттік тілде құжат дайындай біледі. Олардың ішіне Елена Михина, Олег Кузнецов, Максим Овчинников сияқты азаматтар кіреді. Мекемеде кіріс-шығыс құжат алмасу 100 пайыз мемлекеттік тілде орындалады. Қызметкерлер мен сотталғандар Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан халқының Ұлттар Ассамблеясында мемлекеттік тіл мәселесі бойынша сөйлеген сөзімен таныстырылды. 2007 жылғы қыркүйекте Қазақстан халықтарының тілдер күніне арналған «Тіл мерекесі-ел мерекесі» атты сайыс өткізілді. Қазақ тілін үйренуде сотталғандар арасынан да тілек білдірушілер табылып, қазіргі уақытта олар дәріс алып жүр. Мекеменің кітапханасынан мемлекеттік тілде әдеби кітаптар, газет-журналдар алып оқуға сотталғандарға барлық жағдай жасалған.
Сонымен қатар, Солтүстік Қазақстан облысы қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде мемлекеттік тілдің деңгейін жоғары дәрежеге көтерілуіне Басқарманың бастығы әділет полковнигі Орман Басыбаев пен Басқарманың мемлекеттік тілді дамыту жөніндегі тобының аға маман-аға инспекторы әділет капитаны Нұрсұлу Көбенованың нәтижелі жұмыс жүргізгендерін айта кету артық емес деп ойлаймын.