Ұстаздық еткен жалықпас

Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 7 наурыздағы "Білім туралы заңның" 108 бабы негізінде 2002 жылы 1 желтоқсанда ОВ 156/3 түзеу мекемесінде "ОВ 156/3 кешкі мектеп" Мемлекеттік мекемесі ашылды. Шығыс Қазақстан облысының білім беру департаменті директоры Светлана Ферхоның бұйрығымен мектеп директоры болып Болат Ашербаев тағайындалған болатын.

Кадрлар қабылданып, мектептің барлық негізгі құжаттары дайындалды. Енді мектеп ұжымының алдында "Неден?", "Қалай оқу тәрбие жұмысын бастау керек?" деген сұрақ тұрды. Білім заңының 108 бабына сәйкес орта білімі жоқ қылмыстық жазасын атқарып жатқан азаматтардың 30 жасқа дейінгілері міндетті түрде білім алу керек, жасы отыздан асқаны өз қалауы бойынша оқиды. Сол кездегі ОВ156/3 мекемесіде жазасын өтеп жатқан орта білімі жоқ 504 оқушы  екі ауысымда оқуды бастады.
Мектеп директорының ұсынысымен, мектеп әкімшілігі ақылдаса келе әр мұғалімге мемлекеттік стандарттың негізінде өз пәнінен біздің оқушыларға қолайлы бағдарлама жасау тапсырылды. Қысқа мерзімде бұл бағдарламалар жазылып, әр мұғалімнің модификацияланған бағдарламасына "Ұстаздардың кәсіби біліктілігін арттыру институтынан" рецензия беріліп, ұстаздар үлкен құлшыныспен жұмысқа кірісті. Оқушылардың білімге деген құштарлығын арттыру үшін, мектепке деген көзқарасын өзгерту үшін көптеген жұмыстар атқарылды.
Қазіргі таңда Республикамыздың атаулы күндерінің барлығында оқушылардың қатсуымен театрландырылған көріністер, концерттер т.б.іс-шаралар өткізіп тұрады. Ай сайын мекеме жасақтарында мектеп ұстаздарының көмегімен қылмыстық жазасын өтеп жатқан азаматтарды қызықтыратын тәрбиелік мәні бар тақырыптарда баяндамалар оқылады. Айына бір рет мектептің газеті шығарылып, жасақтарға таратылады. Осы мектеп газеті арқылы қылмыстық жазасын өтеп жатқан азаматтар мектеп жаңалықтарынан хабардар болды.
Мектеп мұғалімдерінің ұйымдастыруымен оқушылардың арасында "Алтын қақпа" интеллектуалды ойыны, "Литературная гостинная" поэзия кеші өткізіліп, әдебиет пәнінің мұғалімі Гүлбану Өскембаеваның көмегімен өлең жазуға қабілеті бар оқушылардың жыр жинақтары мектеп газетінде жарық көріп тұрады.
ОВ-156/3 мекемесінің қабырғасында басқа түзеу мекемелерінің кешкі мектептерінің мұғалімдерімен тәжірибе алмасу, пікір таласу мақсатында, дөңгелек үстел, семинарлар болып тұрады. Қалалық білім беру бөлімінің оқу жоспарына сай мектепте әртүрлі шаралар жүргізіледі. Әр оқу жылында мектепте пәндер бойынша апталықтар, декадалар өтеді. Мектепте оқу процесімен қатар тәрбие жұмыстары да елеулі орын алған. Директордың тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Гүлжан Исанованың басшылығымен мекеменің тәрбие бөлімімен бірлесіп әртүрлі шаралар өткізіледі. Солардың бірі: "Әлем тілдерінің фестивалі", "Наурыз" сияқты т.б. мерекелер.
Бүгінгі күнде мектеп қазіргі заман талабына сай дәрежеде, оған дәлел осы мектеп әкімшілігімен Қазақстан – Ресей универститетінің тығыз байланысы нәтиженсінде кешкі мектеп түлектері жоғарғы оқу орнында қашықтықтан оқыту жобасын іске асырды. Мектептің үш түлегі Игорь Емельянов,Сергей Дьяков, және Арсен Алиев осы айтылған универститетің экономика, психология, менеджмент бөлімдеріне оқуға түсіп, өз білімдерін ары қарай жалғастыруда.
Өткен жылдың сәуір айында ұстаздардың біліктілігін арттыру мақсатында ШҚО бойынша ҚАЖ КБ және облыстық пенитенциарлық жүйедегі кешкі мектептер арасында байқау өткізілді. Байқаудың негізгі талаптары мектептегі атқарылып жатқан оқу тәрбие жұмыстары, ұстаздардың білім деңгейінің өз санатына сай болуы, әр кабинеттердің пән талабына сай жабдықталуы т.б. талаптары болды. Міне, осы байқаудың нәтижесінде ШҚО бойынша ҚАЖ КБ бастығы әділет полковнигі Дәулетқазы Зәкімов өз қолымен бірінші орын алған осы мектеп ұжымын мақтау грамотасымен және бағалы силықтармен марапаттады.
Осы игілікті істер мектеп ұжымының жүйелі түрде атқарған еңбектерінің жемісі деп білеміз. "Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға" дегендей осы 5 жыл ішінде мектептің педагогикалық ұжымы бас бостандықтарынан айырылғандардың білім беру проблемаларын шешіп, олардың бұрын алған білімдерін жалғастыру үшін, ары қарай жаңа білім алу үшін барлық күш қуаттарын салуда.
Директордың оқу ісінің орынбасары Елена Дештің, мұғалімдер Алма Мамешованың, Толқын Жаханованың, Шынар Қасенованың, Айман Бижігітованың, Әсем Жұмабаеваның, психологтар Светлана Здобина мен Динара Айкенованың ерен еңбектерін айта кетпесе болмас дер едім.
2007 жылдың науырыз айында  Өскемен  қалалық оқу бөлімінің кезекті тексеру аттестациясының қортындысы бойынша мектеп "өте жақсы" деген бағаға ие болды.
Осындай игілікті істердің ұйтқысы болып отырған мектеп директоры Болат Ашербаев сегіз қырлы, бір сырлы азамат. Cазгер, Қазақстан Республикасының "Мәдениет қайраткері", өзі туған Тарбағатай ауданының "Құрметті азаматы", жоғары cанатты ұстаз. Жолдасы Жанар информатика пәнінің мұғалімі, ұлдары Рауан заң колледжісінің студенті, қыздары Дана бірінші сынып оқушысы.
Қазақстан Республикасы Президентінің 2007 жылғы 8 қаңтардағы № 240 Жарлығы негізінде ҚР әділет органдарының қылмыстық атқару жүйесінің дербес туы мен эмблемасы бекітілген болатын. Қылмыстық атқару жүйесіне туды тапсыру салтанаты өткен жылдың желтоқсан айында Астана қаласындағы "Конгресс - Холдың" залында өткізілді. Осы тарихи іс - шараға Шығыс Қазақстаннан барған делегаттардың ішінде жерлесіміз Болат Ашербаев та болып жиын соңынан болған концерттік бағдарламада өзінің төл туындылары Сырбай Мәуленовтің сөзіне жазылған "Тарбағатай таулары", Аслан Гафуровтың сөзіне жазылған "Ән арнаймын жүректен" атты әндерін орындады.
Болашақта мектеп әкімшілігі мен ұстаздарына шығармашылық табыс және бастаған тәрбиелік мәні зор жұмыстарынан жалықпасын демекпін.