Қызметі шынайы, шырайлы Орталық

«Ел тілегі» газеті, №28(29)
11 шілде 2008 жыл
Автор : Ағыбай Орынбаев.

Қызметі шынайы, шырайлы Орталық

         Қолыңдағы құжатың сорғышқа айналғанша мекемеден мекеме, есіктен есік жағалап, ары-бері ұзақты күн табан тоздыратын күндер де артта қалып бара жатқандай. Қызмет көрсетуде кеңес кезінен қалыптасқан ескі дағды, сарын елімізде  құрылғанына көп уақыт бола қоймаған халыққа қызмет көрсету Орталықтарымен шешімін тауып, жаңа бағытқа бет алды. Ондай Орталық жұмыс істей бастағанына бір жарым жылдың жүзі болған Қызылорда қаласында да бар. Орталықтың қызметін қазіргі таңда жұртшылық кеңінен пайдаланып, ризашылықтарын білдіруде. Кеше ғана бұл мекеме ашылғанда мекеме басшысы Аида Әбибуллаева қарындасымыздың толас таппайтындай көрінген халық нөпірінің ортасында қалғаны есімізде. Жергілікті телеарналардан тұрғындармен әлсін-әлсін тікелей сұхбатқа шығып, жұртшылыққа Орталықтағы жүріп жатқан жұмыс  барысын, "Бір терезе" қағидасының талаптарын  түсіндіріп, халықтың мың сан сұрағына орнықты жауап беріп, жаңа жұмысты жолға қою үшін шыр-пыр болып тыным таппай жүргенін білеміз. Сол жүгірген еңбектің нәтижесі болар, қазір Орталық ғимаратына кіргеннен-ақ сапырылысқан адамдарды емес жаңаша бір тынысты, ерекше жайлылықты сезінесің. Терезе ар жағындағы қызмет көрсетуші қыздар да сыпайы, жұмсақ, инабатты, жылы-жылы сөйлейді, ұғынықты түсіндіруге, көпшіліктің тілін тауып сөйлесуге тырысады.  Электронды  табло да адамдар кезегін рет-ретімен көрсетіп жұмыс істеп тұр. Келушілердің бірқатары терезе алдында құжаттарын өткізіп, енді бірі дайын құжатын алып жатса, тағы бірі кеңес беру қызметінің алдында үйірілген. Бірқатарын нотариус бөлмесінде, көшірме аппаратының, күту залындағы банк кассаларының, банкоматтың, фотографтың алдынан көресің. Құжат үлгілері ілінген ақпаратты қарап, оқып кетіп жатқандар да кезігіп қалады. Күту залындағы жұмсақ жиһазға жайғасып, кезегін күтіп, алдындағы кең форматты телеэкранға қарап қойып, демалып отырғандар да бар. Жан-жағыңды ораған хош иісті, неше түрлі әдемі гүлдер. Сол гүлдерге жағдай жасап және ғимарат ішіндегі тазалықты, тынымсыз тәртіптілікті қадағалаушы қызметкерлерді де байқап қаласың. Толассыз жұмыс істеп тұрған қуатты кондиционерлер ат шаптырым күту залын салқын самалға бөлеп даланың ми қайнатар аптабын мүлдем сездірмейді. Бұдан артық не керек адам жанына дейсің. Тек Орталықтың шеттеу жерге орналасқаны ғана ойға оралады. Бірақ, бұл мәселе де шешімін тапқан. Жаяу жалпылап келіп, қайтып жатқан ешкім жоқ. Керек бағытыңдағы автобустар тоқтаусыз әлсін-әлсін  бірінен соң бірі ағылуда. Орталыққа дейінгі жол да жақсылап асфальтталынған. Тақтайдай тегіс. Бұрқырап жатқан шаңдақ жоқ. Орталықтың ауласына дейін мұнтаздай таза. Көкпеңбек гүлзарлар. Бір қылау көрінбейді. Мұның бәрі бірден бола қойды ма екен?  Ол туралы енді мекеме басшысы, Орталық директоры Аида Ибрагимқызының өзін тыңдаймыз.
         - Біздің Орталық 2006 жылдың 20 желтоқсанында ашылып, пайдалануға берілді,-дейді Аида қарындасымыз. Қашанда жаңа істі бастап кету қиын. Бәрі де жаңа. Ұжым да, айналысатын қызметіміздің түрі де. Жаңаны бірден алып кету үшін тәжірибе керек. Ал, тәжірибе жинақтау, оқып-үйрену оның бәрі уақытты қажет етеді. Халық болса уақытты күтпейді. Жұмысының біткені керек. Олардікі орынды. Дегенмен, қызметкерлеріміз жас та болса өздеріне жүктелген міндеттерді дер кезінде меңгеріп кете алды. Жастық жігер де, өз істерін терең білуге, игеруге деген ынта-ықылас пен құлшыныс та бар болар. Қызметкерлердің білімін, біліктілігін көтеру жұмыстары да оң ықпалын тигізді. Сонымен бірге жұмысты тез арада жолға қою үшін басқа облыс, қалалардағы Халыққа қызмет көрсету Орталықтарына барып, олардың жұмыс тәжірибесімен де таныстық. Солардың жасағандарын көзбен көріп, көңілге түйіп, өз жұмысымызда пайдалана отырып, халықты құжаттандырудың тиімді,  сапалы жақтарын іздестірдік, жұмыс тәсілін жетілдірдік. Бәрі де жедел қарқын, қимылмен жүрді. Халық кезек күтіп тұрмас үшін екі ауысыммен жұмыс істедік. Құжаттарын жасатуға жұмыстан қолы тие бермейтін адамдарға жексенбі күндері де есігіміз ашық тұрды. Мамандар көзге ілеспес уақыт ішінде жаңа жұмыстың қыр–сырын меңгеріп, кәсіби шеберліктерін шыңдады. Құжаттар сапалы қабылданып, мерзімінде орындалуы жолға қойылды. Жұмыс бір арнаға түсті.
         Орталық аты айтып тұрғандай халыққа тікелей қызмет көрсету мақсатымен құрылған. Адамдардың бір құжат үшін мемлекеттік мекемелерді жағалауға кететін алтын уақытын үнемдеу, ысырап қылмау Орталық қызметінің негізгі міндеті. Қазіргі нарық кезеңінде жай адамды айтпағанда, үнемі іспен, шаруамен жүретін адамдар үшін уақыт ауадай қымбат. Дамыған шетелдерде адамдардың бір сағат уақытын алу ұят болып саналады. Әрине,  оған жете қойған жоқпыз, бірақ бағыт соған бара жатыр. Терезедегі қызметкер келушіден құжатын түгелдеп қабылдап алғаннан кейін ол адам Орталыққа дайын болған мерзімде тек құжатын алу үшін ғана келеді. Уақытын соған ғана жұмсайды. Қалған барлық жұмыс Орталық қызметкерлерінің жауапкершілігінде. Қызметкерлер құжат рәсімдеудің тиісті заңдылықтарын сақтай отырып, оның өз иесінің қолына белгіленген мерзімде тиюін қамтамасыз етеді. Сонымен бірге қызметкерлер мұндай жұмыстарды мұқтаж жандардың мекен-жайына барып та атқаруда. Былайша айтқанда Орталықты құжат дайындатуға келген адамның басқа органдар алдындағы өкілі, қызметшісі деуге де болады.
         Аида Ибрагимқызының сөзін нақтылай отырсақ аз ғана уақыт ішінде облыстың жеті ауданы мен бір қаласында (Байқоңырда) Орталықтың филиалы және Сырдария ауданының жеті ауылдық округінде өкілдіктері ашылып, жұмыс істей бастаған. Және алдағы уақытта да құдай қаласа филиалдар мен өкілдіктер саны көбейе түспек. Орталықтың өзінде жұмыс істейтін 39 терезенің 26-ы азаматтарға жылжымайтын мүліктерді тіркеу, азаматтарды құжаттандыру, әскери есепке алу, төлқұжат, жеке куәлікті тіркеу және тіркеуден шығару сияқты осыншама қызмет түрлерін көрсетеді. Ал, 2010 жылдарға қарай 100-ден аса қызмет түрін атқармақ ниетте. Міне, Орталықтың бүгінгі аяқ алысы.
         Бәрінен бұрын бір жапырақ қағаз үшін аудан орталықтарына шабылатын ауылдағы ағайынның қуанышын айтсаңыз. Сөзбен жеткізе алмайсың. Қысы-жазы тіршіліктері таусылмайтын ауылдықтар жаңа мекеменің  қызметіне дән риза.
         Осыдан үш жыл бұрынғы халыққа арнаған Жолдауында Елбасымыз сыбайлас жемқорлық пен қылмысқа қарсы күрес туралы айта келіп бір жерде ғана төлұжат тіркеп, салық төлеушінің есептік нөмірі, жүргізуші куәлігі және т.б. құжаттар ала алатын, "Жалғыз терезе" қағидасы  бойынша тұрғындарға қызмет көрсететін орталықтар құруды тәжірибе ретінде Астана мен Алматы қалаларында жасап көру керектігі жөнінде тапсырма берген болатын. Ол Орталықтар тек үлкен қалаларда емес көріп отырғанымыздай  еліміздің барлық облыс орталықтарында, аудандары мен елді мекендерінде, оның ішінде өз облысымызда ашылып, қанатын кең жая түскен. Елбасы айтқандай "Бір терезе" жүйесінің бұл саладағы тамыр-таныстық, сыбайластық қылмыстарын азайтуда да өзіндік ықпалы сезіледі. Себебі, Орталық тапсырыс беруші мен орындаушыны жүздестірмейтін бірден-бір бөгет есебінде. Сондай-ақ оны сыбайлас жемқорлық қылмыстарының алдын алу  және жолын кесу бағытында атқарылған Орталықтағы жұмыстардан байқаймыз.  Орталықта облыстық әділет департаменті мен Қызылорда облысы бойынша  экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің бірлескен  семинар-кеңесі, аталған органдардың лауазымды қызметкерлерінің қатысуымен "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы заңнамаға түсіндірме" және "Әділет органдарында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес саласында атқарылған жұмыстар" тақырыбында семинар-сабақтар өткізілген. Сондай-ақ, "Нұр-Отан" халықтық демократиялық партиясының Қызылорда облыстық, аудандық филиал жанынан құрылған жемқорлықпен күрес жөніндегі қоғамдық кеңес мүшелерімен  және Қызылорда облысының әділет департаментімен  бірлесе отырып өзара іс-әрекет шараларын өткізу мақсатында аталған партия төрағасының бірінші орынбасарының, ҚР Мемлекеттік қызмет істер жөніндегі Агенттігінің Қызылорда облысы бойынша Тәртіптік Кеңес хатшылығы басшысының қатысуымен "дөңгелек үстел"  және азаматтарды жеке қабылдау ұйымдастырылған. Бұдан басқа да Орталықтың жоспар, кестесіне сәйкес қызметкерлерге  ҚР "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы" Заңының талаптары үнемі оқытылып келеді. Мекеменің "Сенім телефоны да" тұрақты жұмыс істеуде.
 Орталық 2007 жылдың қазан айынан бастап Қазақстан Республикасы Әділет Министрінің бірнеше бұйрығымен бекітілген Халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы мемлекеттік қызмет көрсету стандарттарының  және осы министрлік регламенттерінің талаптарын қатаң сақтап жұмыс істеуде. Ал, мемлекеттік қызмет көрсету стандарты дегеніміз не? Ол халыққа көрсетілетін қызметтер мен соған сәйкес құжаттар тізімінің белгіленген стандартқа сәйкес талап етілуі, қызмет көрсетушінің білім, білігі, сыпайылығы мен әдептілігі, мәдениеті, кезекте тұру мерзімі мен электрондық кезектің сақталуы, қызметкердің қызметін бағалау, бір сөзбен айтқанда сапалы қызмет көрсетудің темірдей қатаң тәртібі. Осы тәртіп қатаң сақталғанда ғана жұмыс нәтижесі арта түседі. Сондықтанда аталған стандарт талаптарын сақтауда Орталықта жергілікті уәкілетті органдардың қатысуымен ұдайы семинар-сабақтар жүргізіліп, қызметкерлердің кәсіби біліктілігін көтеру мақсатында уәкілетті органдардан барлық салалар бойынша инспекторларды тағлымдамадан өткізу тұрақты түрде жүргізілуде. Әр айдың басында өзара салыстырмалы тексеру актілері жасалып, жұмыс жағдайы зерттеліп отырылады. Орталықтың, оның филиалдары мен өкілдіктерінің жоспар, кестесіне сәйкес биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында мемлекеттік қызмет көрсету стандарттарын зерделеу бойынша 70 семинар-кеңес, сондай-ақ қызметкерлердің біліктілік сапасын көтеруде 21 сынақ ұйымдастырылған. Орталықта Қызылорда облыстық әділет департаменті  АХАЖ бөлімі бастығының қатысуымен АХАЖ саласына қатысты  құжаттарды орындау мерзімдері жөнінде семинар өткен. Стандарттар талаптарына сәйкес курьерлер қызметінің кестесі бекітіліп, уәкілетті органдарға күніне 3 рет құжаттарды уақытылы, жедел тасымалдау жүзеге асырылуда.
         Орталықтың апталық аппараттық мәжілістерінде апта сайын құжаттардың орындаудан бас тартылу себептері талқыланып, Орталықтың жоспарына сәйкес барлық салалар бойынша құжаттарды қабылдау сапасына  апта сайын талдаулар жасалып, негіздері зерттеліп, азаматтардың құқына нұқсан келтірмеу мақсатында құжат айналымына күнделікті бақылау жүргізіліп, тиісті шаралар атқарылуда.
         Жаңадан құрылып жұртшылықты өркениет көшіне жетелеген  шырайлы шаңырақта айта берсең атқарылып жатқан жұмыстар жетерлік. Соның бәрінде өзі де қарапайым, мәдениетті, алдына келген адамның хал-жайын түсініп сөйлесе алатын, өзгелердің де ұсыныс-пікірін тыңдап, ескеріп жүретін, күнделікті жұмыста қатаң талап қойғыштығымен, жоғары ұйымдастырушылық қарым-қабілетімен танылған жігерлі де талапты жас басшы Аида Ибрагимқызының тікелей қолтаңбасын көреміз. Мекеме басшысы қарамағындағы қызметкерлерінен бір ғана жұмысты талап етпейді. Үлкен ұжымның өзара жақындасуына, танысып-білісуіне, жас мамандардың бойдағы талант қабілеттерін ашуына ықпал жасайтын мәдени, рухани шараларды ұйымдастыруға белсене атсалысады. Мәселен, өткен жылдың өзінде Орталықта ұлттық өнер туындысының көрмесі, жергілікті қыл-қалам, сурет өнері, мүсін өнері шеберлерінің көрмелері өткізілген. Наурыз секілді ұлттық мерекелерді ұжыммен өз деңгейінде бірге атап өту дәстүрге айналған.  9-мамыр мерекесінде соғысқа қатысқан ардагерлерді марапаттап, құрмет көрсетсе, 1-маусым балалар күніне орай "Әрқашан күн сөнбесін" деген тақырыппен мерекелік шара ұйымдастырып, оған ата-ана қамқорлығынан айырылған, бала жасынан мүгедек, әлеуметтік жағынан қамтылмаған отбасылардың балаларын шақырып, облыстық театр әртістерінің қойылымы көрсетіліп, періште көңілдерді алуан түрлі сыйлықтармен мәз-мейрам еткен. Үстіміздегі жылғы Наурыз мерекесінде де Орталыққа келген азаматтар Наурыз көжеден дәм татып, Ұлыстың ұлы күнін ұжым бір кісідей қарсы алған. Сондай-ақ, 8-наурыз әйелдер мерекесінде өткізілген "Жігіт сұлтаны" сайысы облыстық әділет департаменті басшылары мен облыстық, қалалық АХАЖ басшыларының, мамандарының қатысуымен ұжымның мәдени өмірінде ерекше із қалдырып, қыз-келіншектерге есте қаларлық әдемі мерекелік тарту болған.
         Иә, халыққа сапалы, һәм мәдениетті қызмет көрсетуде жақсылық пен жаңалыққа қол созған Орталықтың бүгінгі тыныс-тірлігі мен бағыт-бағдарында көңілге қонымды істер көп. Өйткені жол айқын, міндеттер нақты. Сондықтан да  заман тынысын сезген, уақыт көшіне ілескен ұжымның алдағы беталысынан тек өсу мен өркендеуді көргің келеді.