Халыққа қызметтің орнықты орталығы
«Сыр бойы» газеті №38-39 (17357)
15 ақпан 2008 жыл
Сұхбаттасқан Ж.Оралбаева
Халыққа қызметтің орнықты орталығы
- Аида Ибрагимқызы, Сыр өңірінде жағымды жаңалық болған, көргендердің көз қуанышына айналған осы Орталықтың жалпы құрылымы жайлы айта кетсеңіз.
- Бұл Елбасының 2005 жылғы халыққа арнаған Жолдауынан бастау алған «Бір терезе» қағидасының игі нәтижесі. Алғашқыда Астана мен Алматы қалаларында тек тәжірибе ретінде қолданған бұл әдіс өзінің тиімді әрі халыққа ыңғайлылығын көрсетті. Содан еліміздің өзге қалаларында және аудандарында, округтерінде де осы әдісті ендіру қолға алынды. Сыр өңірінде халыққа мінсіз қызмет көрсету мақсатында 39 терезе бар, оның 26-ы азаматтардан құжаттар қабылдаса, 9-ы дайын құжаттарды беруге, ал екеуі тек мүгедектер мен ардагерлерге қызмет көрсетуге, үшеуі банк қызметіне арналған.
- Бұрын халық әрқайсысысы қаланың әр жерінде орналасқан мемлекеттік органдарға сабылатын. Бір барған жеріне қайта-қайта барып, онда ісі бітпей шаршап қайтушы еді. Ал, қазір бір орталықтан оралады. Демек, бұл орталық қызметкерлерінің біліктілігі жоғары, көрсетер қызметі сапалы болғаны болар.
- Орталықта бүгінде өз ісіне жетік, білімді жүзден астам мамандар еңбек етеді. Бәрінің де жоғары білімі бар, солай бола тұра қызметкерлердің кәсіби біліктілігін көтеру – басты нысанда. Мұнда уәкілетті органдардың, облыстық әділет қызметкерлері заңды тұлғаларды мемлекетттік тіркеу, құжаттандыру, жылжымайтын мүлік заңдылықтары жайлы тағылымдама өткізеді. Оның қорытындысымен орталық қызметкерлері сынақ тапсырады. Және халықпен мәдениетті әрі саналы жұмыс жүргізу жайы үнемі назарда ұсталады. Айта кетерлігі, уәкілетті органдар мен халықа қызмет көрсету орталығы арасында құжат айналымы жағдайына апта сайын талдау жүргізіледі. Соның нәтижесінде әртүрлі себептермен құжаттардың кері қайтарылуы, мерзімінен кешіктірілуі жағдайларына зерттеу жүргізіп, тиісті іс-шаралар көріледі. Оның негізгі мақсаты – азаматтардың құқықтарына нұқсан келтірмеу жолдарын қарастыру.
Өзі халыққа қызмет көрсету орталығы болғаннан кейін оның атына заты сай болуы тиіс емес пе? Сондықтан да келушілердің бар жағдайы жасап, мінсіз қызмет көрсету – біздің басты міндетіміз. Атап айтқанда орталықтың күту залында көпшіліктің еркін демалып, тынығуына мүмкіндік жасалған. Зал жұмсақ жиһаздармен жабдықталған, дәмхана жұмыс істейді. Құжаттарды толтыру үлгілері арнайы стендіге ілінген. Сондай-ақ, мүнда нотариалдық куәландыру, көшіру аппараттары, жылдам суретке түсіру, банк кассалары қызмет көрсетеді. Таксофон, банкоматтар, теледидар, кондиционерлер қойылған.
- Орталық жұмысымен көпшілік таныс. Оның тиімді екенін де сезініп қалды. Бір жыл көп уақыт емес. Алайда, жаңалық енгізу үшін бұл мерзім аздық та етпейді. Нендей жетістіктеріңіз бар?
- Жағымды жаңалығымыз бар, әрине. Ол – орталықта оңтайлы топтың құрылғаны. Оның мақсаты, әлдеқандай себептермен орталыққа келіп, құжаттарын тапсыра алмаған жағдайда, соғыс және еңбек ардагерлеріне тікелей отбасыларына барып, қызмет көрсетеді. Топтың құрылғанына бір ай, осы мерзімде алпыстан аса азаматтарға қызмет көрсетіп үлгірді. Істің нәтижесіндей үлкендерден алғыс хаттар келіп те жетті. Бұл меніңше, жетістік деп айтуға тұрарлық мәселе. Сонымен қатар өткен жыл қорытындысы бойынша орталыққа 109705 құжат түскен. Және Республика Әділет министрлігінің нұсқауына сәйкес облыстың сегіз ауданында біздің орталықтың филиалдарын ашу көзделуде. Бүгінгі таңда Жалағаш, Қармақшы, Жаңақорған және Сырдария аудандарында ашылған орталықтар өз жұмыстарын сәтті жалғастырып келеді.
- Тәуелсіздік алған алғашқы тәжірибесіз кезеңде елімізде көптеген заңдылықтардың бұзылғаны белгілі, оның ішінде жылжымайтын мүлік заңдылығы да бар. Етек-жеңімізді жинап, өркениетке бер бұрған осынау сәттерде жылжымайтын мүлікті жария ету заңдылықтарының жүзеге асуы жайлы не айтасыз?
- Жылжымайтын мүлікті жария ету барысында жарияланған акция көптеген істі ілгері жылжытуға септігін тигізді. Акция кезінде келіп түскен 5120 құжаттың 3540-ы тіркеліп, 1388-і кері қайтарылды. Қайтарылу себебі де сан түрлі. Дайындалған құжаттары толық емес, немесе аса қажетті дегені өз маңызын жоғалтқан болып шығады. Кері қайтарылған кей құжаттар белгілі бір мерзімге, не толықтыру үшін қайтарылады. Сондай-ақ, 3473 тұрғын үй, 67 әлі толық салынбаған үй-жай жария етілді. Жалпы, негізінен жылжымайтын мүлікті жария етумен облыстық мүлікті жария ету бюросы (БТИ) айналысады. Бізде тіркелген құжаттар сонда жіберіледі. Белгілі бір мерзім аралығында дайын болған құжаттар біз арқылы өз иелеріне табыс етіледі. Яғни, бұл адамдардың әрі-бері жүру әбігерінен құтқарып, құжаттарының жоғалмауына, олардың талаптарына уақтылы орындалуына мүмкіндік береді. Біз екінші сөзбен айтқанда БТИ мен жеке адамдар арасындағы көпір іспеттіміз. Құжатты қабылдаймыз, орындатамыз және иесіне қайтарамыз.
- Халыққа қызмет көрсету орталығының жақсы жұмыстары елеусіз қалған жоқ. Ашылғанына жыл толу құрметіне орай ХҚКО-ның бір топ қызметкерлері, ішінде өзіңіз де барсыз, қала әкімінің және орталық басшылығының алғыс хатымен марапатталған екенсіздер. Бұл әрине іске қанаттандырады. Орталықта мұнан басқа тағы қандай жұмыстар атқарылмақшы?
- Былай қарасаңыз, орталық адамдардың тек құжаттары емес, соны ретке келтіріп алу үшін ғана қызмет көрсететін орын болып көрінеді. Шындығы солай болса да мұнда күніне қаншама адам келіп кетеді. Келгендердің мұнда сәл де болса тынығып, рухани түлеуі үшін іс-шаралар ойластырылады. Мәселен, өнер туындыларның көрмесі, жергілікті қылқалам, сурет, мүсін өнері шеберлерінің көрмесі ұйымдастырылды. Ал, жақында Орталықтың өз қызметкерлері арасында «Арулар – асыл жандар» атты қыздар сыны өткізілді. Мұндағы мақсат – жастардың тек өз мамандықтары жете меңгеріп қана қоймай халықтық салт-дәстүрлерге деген көзқарасы олардың бойларындағы өнерлерін тамашалау еді. Мақсат орындалды дегенде алдағы уақытта мұнан да өзге елеңдетер іс-шараларды жүзеге асыру көзделуде.
- Әрине, жақсы істер жалғасын таба берері сөзсіз. Сіздің ойыңызшы «Бір терезе» қағидасының негізгі артықшылығы неде? Және ол халыққа не береді?
- Ең бастысы халыққа уақытылы әрі сапалы қызмет көрсетіледі. Сосын мемлекеттік қызмет көрсету негізінді сыбайлас жемқорлық, сөзбұдайлыққа жол берілмейді. Ақпараттық қызмет көрсету жүйесінің орталықтандырылғанынан көпшіліктің мемлекеттік органдарға сабылуы сап тиілді. Осының өзі үлкен жетістік емес пе? Халық қаланың әр қиырында орналасқан түрлі мекемелерден құжат үшін соғылатын бір мөр үшін қаншама уақытын жоғалтып, жүйкесін жұқартатын еді. Діттеген ісін бір жерден тындырғаны әркімге де қолайлы. Орталықтың халыққа бергені және көпшіліктің ұтқан жері осы болып тұр. Айтқандай, жақында облыста алғашқы болып Тереңөзек ауданындағы Асқар Тоқмағамбетов ауылынан орталық филиалы ашылды. Осы ақпан айында тап осындай шағын орталықтар 10 ауылда ашылады деп күтілуде. Бұл халыққа оңтайлы болғалы тұр.
Алдағы уақытта да халықтың игілігі, олардың мүддесі үшін қызмет ету – бізге үлкен мәртебе. Көптің алғысына бөленіп, қарапайым халықтың ойынан шығу жолында атқарар іс көп. Оның бәріне – уақыт төреші.




