Байқоңыр қалалық әділет басқармасы базасында «Тіл – мемлекет қазынасы» атты тақырыпта облыстық семинар өтті
Қызылорда облысының әділет департаменті «Қазақ тілі менің тілім және Республикамның мемлекеттік тілі» айлығы аясында байқоңыр қалалық әділет басқармасы базасында «Тіл-мемлекет қазынасы» атты тақырыпта облыстық семинар ұйымдастырды. Оған «Нұр Отан» ХДП Байқоңыр қалалық филиалының өкілі А.Дауленбаев, Байқоңыр қаласындағы Президент өкілдігінің мемлекеттік жұмыстарды қамтамасыз ету бөлімінің бас маманы Н.Шәкішев және Байқоңыр қаласы Әділет басқармасының және Халыққа қызмет көрсету Орталығы Байқоңыр қалалық филиалының қызметкерлері қатысты.
Семинарды екі мәселе, яғни Байқоңыр қаласындағы жалпы мемлекеттік тілдің ахуалы; Байқоңыр қалалық әділет басқармасындағы және Халыққа қызмет көрсету Орталығы Байқоңыр қалалық филиалындағы мемлекеттік тілдің жай-күйі, құжат айналымындағы мемлекеттік тілдің рөлі мәселелері қаралды.
Семинарға төрағалық етуші Әділет департаменті бастығының орынбасары Т.Лесеров мемлекеттік тіл мәселесіне байланысты өз баяндамасын жасады: Қызылорда облысының Әділет департаментімен «ҚР тіл туралы» Заңын, «Тілдерді қолдану мен дамытудың 2001-2010 жылдарға арналған бағдарламасын» орындау жөніндегі жұмыстар жоғары деңгейде орындалуда.
Алайда, еліміздегі ерекше аймақ саналатын Байқоңыр қаласында мемлекеттік тіл емес, орыс тілінің үстем болып отырғаны мәлім. Байқоңыр қалалық әділет басқармасы мен халыққа қызмет көрсету орталығы Ресей Федерациясының мекемелерімен орыс тілінде хат-хабар алмасады.
2008 жыл қорытындысымен департаменттен шығысталған құжаттардың 97,5 пайызы мемлекеттік тілде жолданған. Ал, орысша жолданған 2,5 пайыз Байқоңыр қалалық әділет басқармасынан шығысталған құжаттар мен АХАЖ қызметі бойынша шет мемлекеттердің сұранысы бойынша жолданатын жауап хаттардың үлесінде, - деді.
Келесі сөзді алған «Нұр Отан» ХДП Байқоңыр қалалық филиалының өкілі Дауленбаев Ануар мемлекеттік тілдің Байқоңыр қаласындағы ахуалына тоқталды. Өз сөзінде Байқоңыр қаласында қатынас тілі көбіне орыс тілі екендігін айтқан ол, «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңның әлі де болса солқылдақ екендігін жеткізді.
Байқоңыр қалалық әділет басқармасының бастығы Н.Орымбаев: Жергілікті тұрғындардың басым көбі орыс тілді азаматтар болғандықтан басқармаға келіп түсетін сұраныс хаттардың көпшілігі орыс тілінде түседі. «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңның 11-бабында: Мемлекеттiк және мемлекеттiк емес ұйымдардың азаматтардың өтiнiштерi мен басқа да құжаттарға қайтаратын жауаптары мемлекеттiк тiлде немесе өтiнiш жасалған тiлде берiледi, - деп аталып өткен. Осыған орай біздер сұраныс хат қай тілде келіп түссе сол тілде яғни, орыс тілінде жауап қайтарамыз, - деді.
Осы тектес мәселені Халыққа қызмет көрсету Орталығы Байқоңыр қалалық филиалының басшысы Ш.Ұзақова да ортаға салды.
Әділет департаменті бастығының орынбасары Т.Лесеров: Әділет Министрлігінің 09 ақпан 2009 жылғы 2-3-1/14 хатына сәйкес, әділет органдарына басқа тілде келіп түскен құжаттардың жауабын келіп түскен тілде ғана жолдау қажеттігі ескертілген.
Бәрімізге мәлім болғандай, Байқоңыр қаласындағы азаматтардың өтініштері мен сұраныс хаттары көбіне орыс тілінде келіп түседі. Осы ретте Байқоңыр қалалық әділет басқармасы жауап хатты да орыс тілінде дайындайды. Дегенмен, осы жолданған орыс тіліндегі хаттың қазақ тіліндегі аудармасы жасалып, нарядқа тігілуі қажет. Бұл мәселе Министрлік көлемінде көтеріліп отыр. Қазірде Әділет Министрлігімен жолданатын хаттар қазақша немесе екі тілде орыс және қазақ тілдерінде дайындалады. Осыған сәйкес, құжат айналымындағы қазақ тілдің үлесі 100 пайызға жетуі тиіс. Мысалы, 2009 жылдың қаңтар айында Байқоңыр қалалық әділет басқармасынан 1111 құжат шығысталған. Оның 301-і, яғни 27 пайызы орыс тілінде жолданған. Бұл барлық саладағы құжаттарды қазақ тіліне көшірген Қызылорда облысы үшін аз пайыз емес. Сондықтан, барлық құжат айналымын толығымен қазақ тіліне көшіру Байқоңыр қалалық әділет басқармасының алда тұрған негізгі міндеттерінің бір болуы тиіс, - деді.
Байқоңыр қаласындағы Президент өкілдігінің мемлекеттік жұмыстарды қамтамасыз ету бөлімінің бас маманы Шәкішев Нұрбек семинарда терминология мәселесін көтерді. Қазақ тілі терминологиясының әлі де жете дамымағанын айтып, қазақ тіліне енгізілген жаңа терминдердің шала екендігін ортаға салды.
Тілді күштеп үйрету мүмкін емес, оны ықыласпен, ынтамен ғана үйрену қажет. Осы ретте, Байқоңыр қалалық әділет басқармасының мемлекеттік тілге жауапты бас маманы Ж.Омарова Байқоңыр қаласында мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту мақсатында 2009 жылға арналған жұмыс жоспарын дайындайтындығын және қазақ тілінің хат алмасу тіліне айналуына үлес қосу үшін жұмыстар жасайтындығын айтты.
Семинардың күн тәртібіндегі мәселелер толығымен қамтылып, семинар соңы жалпы пікір алмасу ретінде жалғасты.




