Біздің қоғамда әйел қорғансыз емес «Еңбек» Республикалық мемлекеттік кәсіпорнының «Еңбек-Ақтөбе» филиалының директоры Беисова Жаным Жапатқызымен халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында әйел – ана, әйел - қоғам қайраткері, әйел – басшы жайында оқырмандарымызбен ой бөлісуін өтінген едік.
Жаным Жапатқызы қоғамдағы әйелдің алатын ролі қандай деп ойлайсыз.
Жұдырықтай жүрегіне жылылық пен ұлылық ұялаған әйел-өмірдің мәні, тіршіліктің сәні ғой. Олардың қоғамдағы, жалпы адамзаттың өмірінде алатын орны ерекше. Олай дейтінім, әйел алдымен отбасының ұйытқысы, ең бастысы «ана» деген киелі ұғымның иегері сұлулықтың символы емеспе. Қазіргі уақытта көптеген отбасыларында бар ауыртпашылықты арқалап жүрген әйелдер. Еліміз тәуелсіздігін алып, тұғырымыз биіктеген тұста Қазақстан 1998 жылы БҰҰ-ның Әйелдерге қатысты кемсітудің барлық нысандарын жою туралы конвенциясына қосылды. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Президентінің 2005 жылғы 29 қарашадағы №1677 Жарлығымен 2006-2016 жылдарға арналған гендерлік теңдік стратегиясы бекітілді. Бұл стратегияны жүзеге асыру үшін Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Отбасы және гендерлік саясат жөніндегі комиссиясы жемісті жұмыс атқарып келеді. Мұның өзі қоғамдағы барлық әйелдердің қорғансыз қалмайтындығының белгісі.
Отбасыңыздағы үйлесімділікті қалай үйлестіресіз
Әр әйел өзінше бір әлем. Осы бір күрделі болмыс иесі мынау жарық дүниеде бар бақытын отбасынан, азаматы мен балаларынан іздейді және содан ғана табады. Анасыз отбасының, қала берді мемлекеттің келешегін елестету мүмкін емес деп ойлаймын. Сондықтан болар, ата-бабамыздан келе жатқан ұлы ұғымда әйел мен отбасы ажырамас бірлікте болып келді және солай болып қалуы тиіс. Қазақтың дәстүрлі тіршілігінде түз-ердікі, үй-әйелдікі емеспе. Үйде жылылық болса ғана түзде тыныштық орнайтыны баршамызға белгілі. Өмірге әйел болып келгеннен кейін отбасын құрып, аяулы ана атану міндет. Дәл қазір мен өзімді бақытты әйелмін деп айта аламын. Өйткені адал жар, аяулы ана, қадірлі ене атанып отырмын. Ұл өсіріп, келін түсіріп өмірдің ағымынан қалыспай келе жатырмын деп айта аламын. Қазіргі уақытта ұлым Бекнұр «Нұрбанк» банкісінің Ақтөбе филиалында орта және шағын бизнесті несиелендіру бөлімін басқарады, ал келінім Айнұр «Асар-Медиа» жарнама беру фирмасында қызмет етеді. Менің ойымша ерлі-зайыптылар өздерін қаншалықты бақытты сезінгісі келсе, соншалықты бақытты болу өз қолдарында. Отбасындағы осы бір қарапайым арифметиканы да үйлестіріп, реттеп отыратын да -әйел.
Жаным Жапатқызы қызмет баспалдақтары жайында не айтасыз...
"Жан-жақты жарасымды жетілген әйел жан-жақты жетілген еркекке қарағанда, әлдеқайда жоғары деңгейдегі адам",-деген екен Ф.Ницше. Әйел мен ер азамат отбасының ғана емес, қоғамның да қос қанаты. Сондықтан ер-азаматпен қабаттасып, биліктің биік бұтақтарына өрмелеп, заманның талабына сай әйелдер қауымы өмірдің әр саласында белсенділік танытып, мехнаты мол жұмыстың ауыртпалығына мойымай, түрлі қызмет атқарып келе жатыр. Менде өзім өмір жолымды ерте бастадым. 1975 жылы Ақтөбе кооперативтік техникумын бітірген соң «Тұтынушылар одағында» 1996 жылға дейін қызмет атқардым. 1996-2003 жылдар аралығында ауыл шаруашылық саласында бас есепші болып, 2003 жылдан бастап қылмыстық-атқару жүйесінде қызмет етіп келемін. Былтырғы жылдан бері «Еңбек-Ақтөбе» филиалының директорымын.
Әйел басшы ретінде өндіріс саласындағы күрделі мәселе төңірегінде шешім қабылдауға келгенде қалайсыз...
Затым нәзік болғаныммен өмірден көңіліме түйгендерім көп. Арқа сүйер сүйенішімнен ерте айырылғандықтан, отбасымның бар тауқыметі өз мойнымда болды. Қандай шешім болсада алдымен өзіме келіп тірелетін болғандықтан, жан-жақты ойланып, сол нәрсенің дұрыстығына көз жеткізгеннен кейін ғана бір тоқтамға келемін. Жаңа айтып өттім, мен қызметке ерте араласқандықтан болар қызметкерлермен тіл табысып, ортақ бір мәмілеге келіп, жұмыла жұмысқа кірісу маған еш қиындық туғызған емес. Қазірде менің қол астымда 19 адам жұмыс жасайды. Қызметкерлерімнің көбі осы саланың жілігін шағып, майын ішкен адамдар десе болады. Осы саладан зейнетке шықса да тәжірибелері мол, жас мамандарға жол сілтер ағаларымызбен қандай күрделі мәселе болмасын бірге ақылдасып, ортақ шешім қабылдаймын. Сондықтан болар қызметтің ауыр жүгі өз арқамда болсада, мен шешім қабылдауда тығырыққа тіреліп көрген емеспін. «Ағасы бардың, жағасы бар демекші» арқа сүйер ағаларымыз аман болсын дегім келеді.
Сіз басқарып отырған мекеме халық тұтынуына қажетті қандай өнімдерді шығарады және ол қандай сұранысқа ие.
Біз қазіргі уақытта төсек жабдықтары мен сотталғандарға арналған арнаулы киім үлгілерін тігеміз. Биылдан бастап жазасын өтеушілерге арналған аяқ киім үлгілерін дайындауды да қолға алып жатырмыз. Сондай-ақ металл бұйымдары, қақпалар мен темір қоршаулар, жиһаз жиыстырумен де айналысып жатқан жайымыз бар. 192 жазасын өтеушіні жұмыспен қамтып отырмыз. Олар түзеу мекемелеріндегі наубайхана, ағаш өңдеу, құрылыс материалдарын (блок, бетон) дайындайды. КА-168/5 мекемесінде жылу беру жүйесін іске қосып, жылумен қамтамасыз етеміз. Кейде сырт мекемелерден тапсырыс алып тұрамыз. Өнімдеріміздің қазіргі уақытта сұранысқа ие болып отырғаны құрылыс материалдары, жол төсеніштері, жол жиегі тастары болып отыр. Алдағы уақытта балалар алаңының жабдықтарын дайындауды қолға алсақ деп отырмыз.
Еңбегіңізге жеміс тілей отырып,сұхбатасып, ой бөліскеніңіз үшін рахмет айтамыз.
Сұхбаттасқан А.Қайырбайқызы,
ҚАЖ комитетінің ведомствалық
«Жазаларды орындау» журналының тілішісі