«Қазақтың қазақтылығының басты белгісі – қазақша сөйлеуі» айлығының қорытындысы туралы ақпарат
Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің барлық құрылымдық бөлімшелерінде 2009 жылғы 1 ақпаннан бастап 1 наурызға дейінгі аралықта «Қазақтың қазақтылығының басты белгісі – қазақша сөйлеуі» атты айлық өткізу туралы Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің 2009 жылғы 14 қаңтардағы № 14/39-109 нұсқауына сәйкес 2009 жылдың 23 қаңтарында Академияда өткізілетін айлықтың іс-шаралар жоспары жасалып бекітілді.
Айлық жоспарында 17 тармақтан тұратын нақты шаралар белгіленді. Жоспарда көзделген тармақтар бойынша ағымдағы жылғы ақпанның 2-сі күнгі жалпыакадемиялық қызметтік дайындық сабағында «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» тақырыбында баяндама жасалды. 5 ақпанда Біліктілікті арттыру және қайта даярлау факультетінің Әскери және арнайы дайындық нұсқаушысы, кадр жөніндегі инспектор лауазымдары санаттары бойынша оқып жүрген тыңдаушыларымен «Мекемелерде ісқағаздарын мемлекеттік тілде жүргізу мәселелері» бойынша дөңгелек үстел жұмысы ұйымдастырылды. Жұмысқа Академияның ісқағаздардың жүргізілуіне жауапты қызметкерлері мен күндізгі оқыту факультетінің 3-4 курс тыңдаушылары қатыстырылды. Жұмыс кезінде мемлекеттік тілдегі ісқағаздардың толтырылуын бірыңғайландыру жөнінде өзара пікір алмасылды. 18 ақпанда «Қазақ тілі сабақтарында жаңа оқыту технологияларын қолдану әдісі» тақырыбында мемлекеттік тілде сабақ жүргізетін оқытушыларға семинар өткізілді. Семинар жұмысына шақырылған Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтының педагогика кафедрасының аға оқытушысы Г. Жақыпжанова жаңа оқыту технологияларын пайдалана отырып, мемлекеттік тілде оқытылатын пәндерді қалайша қызықты әрі мазмұнды етіп, түрлендіріп өткізуге болатындығы жөнінде ой бөлісті. Семинарға қатысушыларға сондай сабақ үлгісі көрсетілді. 20 ақпан күні өткен Академияның Әдістемелік кеңесінде кафедралардың мемлекеттік тілдегі оқу-әдістемелік материалдарының жай-күйі талданды. Ал 25 ақпандағы Ғылыми кеңесте мемлекеттік тілде өткізілетін сабақтардың сапасын жақсарту бойынша кафедралардың атқарған жұмыстары талқыланып, жалпы және арнайы кітапханалардың қазақ тіліндегі кітап қорына сараптама жасалды. Сұрақ шешімі бойынша 7 тармақтан тұратын нақты іс-шаралардың атқарылуы белгіленді. 27 ақпан күні күндізгі оқыту факультеті тыңдаушылары арасында отансүйгіштік тақырыпта саптық әндер сайысы ұйымдастырылып, 1-орынға 3-курс тыңдаушылары лайықты деп табылды. Жеңімпаз курс Академия бастығының Грамотасымен марапатталды. Осы күні «Мемлекеттік тіл – басқару тілі» атты басқа ұлт өкілдерінің қатысуымен дөңгелек үстел өткізілді. Дөңгелек үстел жұмысына Қостанай облысының Әділет департаменті және Қостанай облысы Ішкі істер департаментінің мемлекеттік тіл саласына жауапты қызметкерлері шақырылып, Академияның қызметкерлері мен тыңдаушылары қатыстырылды. Жұмыс кезінде қызметтік міндеттерін мемлекеттік тілде атқарып жүрген өзге ұлт өкілдерінің сөздері тыңдалып, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту ісін қалайша жандандырып, тездетуге болатындығы, ол үшін нендей жұмыстар атқарылуы қажет деген мәселелер бойынша пікір алмасылды. Сонымен қатар осы күні күндізгі оқыту факультетінің 1-курс тыңдаушылары арасында «Тілдік ортаны қалыптастыру және оны дамыту мәселелері» тақырыбында пікірталас сайысы өткізілді.
Айлық аясында мемлекеттік тілде 7 ашық сабақ өткізіліп талқыланды және күндізгі оқыту факультеті тыңдаушыларына мемлекеттік тіл мәселелері бойынша кураторлық сағат жұмыстары ұйымдастырылды. Сондай-ақ Академияның ақпан айына арналған негізгі ұйымдастыру іс-шаралар жоспары күнтізбелік жоспарында белгіленген шаралар (Ғылыми, Әдістемелік, Аппараттық кеңестер мен Қызметтік дайындық сабақтары, т.б.) және Академияда ұйымдастырылатын тәрбиелік шаралар мемлекеттік тілде ұйымдастырылып өткізілді.
Ееп беру кезеңінде «Қазақстан-Қостанай» облыстық телеарнасының 3 бағдарламасының, «Алау» телеарнасының 2 бағдарламасының жұмысына қатысылды. Бұқаралық ақпарат құралдарында мемлекеттік тілде 7 хабар жарияланып, «Жазаларды орындау» журналына 4 мақала жолданды.
Жинақтай айтқанда, ҚР ӘдМ ҚАЖ комитетінің 2009 жылғы 14 қаңтардағы № 14/39-109 нұсқауында белгіленген 6 тармақ толық орындалып, айлық аясында ұйымдастырылған игі шаралар негізінде қызметкерлердің мемлекеттік тілді меңгеруге деген ынта-ықыласының артып, беки түсуіне қол жеткізілді. Жаңа жылдың ақпан айын мемлекеттік тілге арнап, қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту ісіне серпін беру – өзін ана тілінің жанашырымын деп есептейтін кез келген азаматтың көңілінен шыға бермек.




