Азаматтық хал актілерін жазу органдарында баланың тууын тіркеу тәртібі
Қазақстан Республикасының «Неке және отбасы туралы» 1998 жылғы 17 желтоқсандағы Заңына сәйкес балалардың тууын тіркеуді азаматтық хал актілерін жазатын органдар (одан әрі қарай – АХАЖ органдары) баланың туған жері бойынша немесе ата-анасының не олардың біреуінің тұрғылықты жері бойынша жүргізеді.
Егер баланың тууы оның нақты туған жерінде емес, ата-анасының немесе олардың біреуінің тұратын жері бойынша тіркелетін болса, туу туралы акті жазбасында баланың тууын тіркеген жер көрсетіледі.
Экспедицияларда және АХАЖ органдары жоқ шалғай жерлерде, сондай-ақ анасының теңіз, өзен, әуе кемесінде немесе поезда болған кезінде туған балалардың тууын тіркеу ата-анасы тұратын жеріне қайтып келгеннен кейін ата-аналарының немесе олардың бірінің тұрғылықты жеріндегі АХАЖ органдарында жүргізіледі.
Баланың туғаны туралы арызды ата-аналары немесе олардың біреуі, ата-аналары қайтыс болған, науқастанған жағдайда және басқа да себептермен арыз беру мүмкін болмаған ретте мүдделі адамдар жазбаша немесе ауызша түрде береді.
Туған баланы тіркеу туралы АХАЖ бөліміне берілетін арызға емдеу мекемесінің дәрігерлік куәлігі, ал бала үйде туған жағдайда дәрігердің, басқа бір емхана қызметкерінің немесе олар болмаған жағдайда кемінде екі куәнің арызы қоса беріледі.
Дәрігерлік мекеменің баланың тууы туралы куәлігінде баланың анасы туралы барлық қажетті мәліметтер (тегі, аты, әкесінің аты), сондай-ақ баланың туған күні мен жынысы, куәліктің берілген күні жазылады.
Осы куәлік лауазымды адамның қолымен және емдеу мекемесінің мөрімен куәландырылады.
Баланың туу туралы арыз азаматтық хал актілерін жазу органдарына бала туған күннен бастап екі айдан, ал, бала өлі туған жағдайда босанған кезден бастап бес тәуліктен кешіктірмей жасалуға тиіс.
Екі айлық мерзім өткеннен баланың тууын тіркеу Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі бекіткен нысан бойынша, аумақтық әділет органының АХАЖ бөлімі жасаған қорытындының негізінде жүргізіледі.
Сонымен бірге, перзентханада дүниеге келген балалар мен бірге, даладан тауып алынған балаларда кездеседі. Бұл жағдайда баланың тууын міндетті түрде тіркеуден өткізу қажет. Себебі ол бала келешекте балалар бақшасына, мектепке, жоғарғы және орта арнаулы оқу орындарында оқуын жалғастыруы мүмкін ғой.
Тауып алынған баланың туылғаны, егер ол бұрын тіркелмеген болса, оны тауып алған адамның, балалар мекемесі әкімшілігінің немесе ішкі істер органдарының мәлімдемесі бойынша тауып алынған күннен бастап үш тәуліктен кешіктірмей тіркелуге тиіс. Мәлімдемеге бала тауып алынған уақытты, орынды және мән-жайларды көрсетіп, ішкі істер органы немесе жергілікті атқарушы органдар жасаған хаттама қоса тіркеледі.
Ата-аналарының қалауы бойынша АХАЖ органы баланың тууын салтанатты түрде, АХАЖ органының үй-жайында, немесе АХАЖ органдары мен жаңа туған баланың ата-аналарының келісімімен перзентханада және өзге жерде тіркеуді белгіленген тәртіпке сәйкес қамтамасыз етеді.
Өзара некеде тұратын әкесі мен анасы олардың біреуінің өтініші бойынша тууды тіркеу кітабында баланың ата-анасы болып жазылады. Неке қию туралы куәлік мұндай жазуға негіз болып табылады.
Егер ата-анасы өзара некеде тұрмаса, тууды тіркеу өзін баланың әкесімен деп танитын адамның тұратын жерінде тіркелуі мүмкін, онда тууды тіркеу туралы өтінішпен қоса әке болуды анықтау туралы өтініш беріледі.
Бала некеде тұрмайтын анадан туған кезде, ата-ананың бірлесіп берген арызы болмаған кезде соттың әке болуды анықтау туралы шешімі болмаған жағдайда, тууды жазу кітабында баланың әкесі туралы жазба анасының тегі бойынша, баланың әкесінің өз аты мен оның әкесінің аты анасының айтуы бойынша жазылады.
Некеде тұрмайтын және он алты жасқа немесе кәмелетке толмаған ата-анадан туған баланы тіркеу заңды өкілдің қатысуымен жүргізіледі.
Жасанды түрде ұрықтандыру тәсілін қолдануға немесе эмбрионды имплантациялау жолымен балалардың тууын тіркеу жалпы белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
Республика бойынша өткен 2008 жылы АХАЖ органдарында – 356758 бала тіркеуден өткізіліп, 2007 жылмен (314631) салыстырғанда 42127 туу туралы актілік жазба артық тіркелген. Әрине туған балалар санының жылдан – жылға көбеюі өте қуантарлық мәселе. Ал, осы жаңа туған балаларды заңмен белгіленген мерзімде тіркеуден өткізіп, уақытында туу туралы куәліктерін алу біріншіден, ата-аналардың жеке басының міндеттері болса, ал, АХАЖ органдары мен перезентхана мекемелерінің негізгі атқаратын қызметтері болып саналып осы мекемелердің мамандарынан үлкен жауапкершілікті талап етеді.
АХАЖ органдарында 7 түрлі азаматтық хал актілерін тіркеу жүргізіліп, актілік жазба кітаптары толтырылады. Соның ішіндегі сөз болып отырған баланың тууын тіркеу туралы. Актілік жазбалар кітабына баланың туған уақыты, туған жері, жынысы, оған қойылған аты, тегі, олардың тұрақты тұратын жері және ата-анасының тілегі бойынша олардың ұлты жазылады.
Осы жазылған жазбаға сәйкес балаға тууы туралы куәлік беріледі. Бұл баланың бірінші құжаты болып саналады. Бала он алты жасқа толғанда осы куәліктің негізінде құжаттандыру бөлімімен жеке куәлік немесе төл құжат беріледі.
Сондықтан, туу туралы куәлік алу кезінде ата-аналар мұқият ойланып баланың тегін, атын, әкесінің атын жазуда дұрыс таңдау жасауға көбірек назар аударса деп ойлаймыз.
Тууды тіркеу кезінде баланың тегі ата-анасының тегімен белгіленеді.
Ата-анасының тектері әртүрлі болған жағдайда балаға ата-анасының келісімі бойынша әкесінің немесе анасының тегі беріледі. Ата-анасының қалауы бойынша баланың тегін ұлттық дәстүрлер ескеріле отырып, әкесінің немесе атасының атына жазуға болады. Ал, егерде баланың тегіне қатысты ата-анасының арасында келіспеушіліктер туындаса, ол сот тәртібімен шешіледі.
Сонымен бірге, айта кететін жайт, қолданыстағы заңнамада балаға қосарланған тек беру қарастрылмаған. Алайда, егер ата-анасының (немесе олардың біреуінің) қосарланған тегі болса, АХАЖ органы балаға осы текті беруге құқылы.
Тағы да бір ескеретін жағдай, баланың туу туралы дәрігерлік куәлігінде анасының некеге дейінгі тегі көрсетілсе, ал тууды тіркеу сәтінде ол төлқұжатын, жеке куәлігін некенің тіркелуі кезінде берілген тек бойынша алса, арыз беруші міндетті түрде неке қию туралы куәлікті тапсыруы қажет. Егер некені тіркеу кезінде әйелге жұбайының тегі берілсе, алайда ол төлқұжатын жаңа текке ауыстырмаған, және дәрігерлік куәлікте де де анасының некеге дейінгі тегі көрсетілген болса, арыз беруші міндетті түрде неке қию туралы куәлікті тапсыруы керек болады.
Басқа ұлт адамдарының тектері, аттары және әкесінің аттары өздерінің қалауы бойынша олардың ұлттық ерекшеліктеріне сәйкес жазылады.
Шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдардың балаларының тууын тіркеу кезінде ата-анасының екеуінің де жеке бастарын куәландыратын құжаттарын, сондай-ақ олардың мемлекеттік және орыс тіліндегі мәтіннің нотариалдық куәландырылған аудармасын тапсыру қажет.
Екі және одан да көп бала туған кезде олардың әрқайсысына туу туралы дәрігерлік куәлік беріледі, соның негізінде актілік жазба жазылып туу туралы куәліктер беріледі.
Қазақстан Республикасы Әділет Министрлігі
Тіркеу қызметі және құқықтық
қызмет көрсету Комитетінің
Азаматтық хал актілерін тіркеу
және апостильдеу басқармасының
эксперті Т.О. Райымбекова




