Сыбайлас жемқорлық – қоғамның жегі құрты.

   Тамыры тереңге кеткен жемқорлықтың  бүгінгі деңгейі алаңдаушылық тудырып отырғаны орынды. Бұл жағдаймен еліміздің әрбір тұрғыны күнделікті кездесіп тұрады десек, артық айтқандық емес. Сыбайлас жемқорлық – заң бұзушылықтың ең үлкен түрі. Қоғамның әрбір мүшесі, Қазақстанның әрбір азаматы түйткілді түбірімен жоюға белсенді түрде араласуы міндетті. Басты қадағалау заң қызметкерлерінен болуға тиісті. Әрине соған қарамастан, арамызда лауазымын асыра сілтеп, жемқорлар санын көбейтушілер жоқ емес. Жемқорлықтың тамырына көпшілік болып күрескенде ғана балта шабатынымыз белгілі. Бізде заң көп, бірақ орындап жатқан ешкім жоқ. Парақорлық сол заңның орындалуына кедергі келтіруде. Жең ұшынан жалғасқан жемқорлық өмір сүріп тұрғанда, бізде ешқандай заң жүзеге аспайтыны анық. Қоғамның мақсаты – мәселені көтеру, оны шешу үкіметтің міндеті.
  Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы заңның талаптары қолданысқа енгелі бері заң құрығынан таза шығудың айла-шарғылары да сан құбылып өзгеріп келеді. Бір сөзбен айтқанда заң талабы түзу болғанымен оның тетіктері терең ойластырылмағандықтан қашан да ол қозғалысқа енбей малтығып қалады. Оны құқық қорғау органдарының осы бағыттағы жүргізіліп жатырған іс-қимылдарынан да анық байқауға болады. Бір сөзбен айтқанда заңның бағыты дұрыс болғанымен, шын мәнінде оның тетіктерін тежейтін, заң орындары кінәлі басшының абыройын қорғауға мүдделік таныта қалса, қалған жағына қарай икемдеп, бұрып әкетуге ыңғайлы келетін осындай түйе тайлы баптар жетерлік. Дегенмен, жемқорлық билік еткен қоғамның алға баспайтынын ескерсек, оны кезек күттірмес мәселелер қатарында тез арада реттеуге тиістіміз. Бұл тарапта заңгерлердің әрекеті проблеманы толыққанды шешуде аздық етеді. Ал бұдан да жақсы жетістікке жету үшін барлығымыз жұмыла дертпен күрескеніміз абзал.
 
                                         Атырау облысы Махамбет аудандық
                                            Әділет басқармасының бастығы
                                                          С.Б. Тұрғарин